Ақтауда Тәуелсіздік мерекесіне орай Қазақстанда жасалған тауарлардың көрме-жәрменкесі өтті. Жергілікті кәсіпкерлер мен қолөнер шеберлері қала тұрғындарына тәтті тағамдар, киім-кешек пен көрпе-жастық және қайталанбас кәдесыйларды төмен бағада ұсынды. Сапасы да шетелдік бұйымдардан еш кем түспеді. Бірер сағат ішінде мыңға жуық адамның сауда жасағаны осыған дәлел. Кәдесыйлардың да түр-түрін кездестіруге болады. Шеберлер отандық шикізаттарды қолданған. Бала күтімімен үйде отырған жас ана Мәнсия Бекқожина  әшекей бұйымдар жасап, табыс тауып отыр.

 

Мәнсия БЕКҚОЖИНА, КӘСІПКЕР:

 

Бұл әшекейлерге мен бағалы тастарды қолданамын, қазақтың ою-өрнектерін де қолданып жасаймын. Қазіргі таңда қолдан жасалған мұндай әшекей бұйымдарға сұраныс жоғары. Менің ойымша, бала күтімімен үйде отырған аналарға осындай әшекей бұйымдарды жасап, өздерінің уақытын пайдалы да тиімді өткізгені дүрыс деп ойлаймын.

 

 Авторлар негізінен ұлттық нақышқа басымдық берген. Бағасы да нарықтағыдан анағұрлым арзан. Ақтаулық бойжеткен Жәмилә Қапанова Жаңа жыл кешіне киетін әдемі көйлек сатып алды. 

 

Жамилә ҚАПАНОВА, АҚТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 

Бүгін көптен бері іздеп жүрген көйлегімді таптым. Сәнді әрі өзіме жарасты. Ең бастысы арзан екен. Замандастарыма шетелдік брендтерге көп ақша жұмсағанша, ұлттық бояуы бар жергілікті шеберлердің киімдерін сатып алуға кеңес берер едім. Көйлектен басқа туыстарыма түрлі сыйлықтар да сатып алдым.

 

Бұл көрмеде елімізде жасалған тауарларды тікелей тұтынушыға саудалауға және халыққа таныстыруға зор мүмкіндік туды. Сондықтан да жергілікті тауарөндірушілердің ұсынысына орай, енді аталған жәрменке апта сайын өткізілетін болды. 

 

Сурет: uralsk.gov.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер