Ретро-парк – тұрғындардың сүйікті орны

Өткен жылдың аяғында қолданысқа берілген Атырау қаласындағы ретро-парк аз уақытта қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орнына айналып үлгерді. Бірегей стильде салынған кешенде демалушыларға қажетті жағдайдың бәрі бар. Өзіндік қайталанбас ансамблімен ерекшеленетін нысан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бой көтерген.    

АЙДАНА ҚҰРМАНОВА, ҚАЛА ҚОНАҒЫ:

 - Уақыт бар кезде осында келемін. Мұның ашылғанына көп болған жоқ. Қалада енді демалатын тыныш жер бар. Маған ұнайтыны, бұл жерге кітапханалар мен жағалау да жақын.

Жаз маусымында бұл жер нағыз думанға айналмақ. Ашық аспан астындағы театр, көрме павильондары, дәмхана, жаяу жүргіншілерге арналған көпірлер, сазды су бұрқақтар мен жасанды тоған көпшілікке қызмет ететін болады. Парк басшылығы алғашқы маусымға орай жаңа бағдарлама жасақтапты.

ДӘУРЕН МАҚЫМ, «АТЫРАУ ПАРКТЕРІ» КМК БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

 - Жазға енді біз әртүрлі атаулы күндерге байланысты бірқатар кешенді жобалар дайындап жатырмыз. Ретро-автокөліктер көрмесі, ретро бұйымдар-көнерген заттар көрмесі және т.б. Осы саябақтың тақырыбына яғни тематикасына сай сондай көрмелер, мәдени көпшілік іс-шаралар ұйымдастырып жатырмыз.

Шілде айынан бастап ретро-парк аумағында ұлттық спорт түрлерін насихаттау жобасы қолға алынбақ. Демалушыларға «тоғызқұмалақ», «асық ату», «аударыспақ» секілді қазақы ойын түрлері ұсынылады.