Парижде «Рухани жаңғыруға» арналған халықаралық форум өтті

ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде «Рухани жаңғыру және мәдени мұра: қадымнан келешекке түркі тілі» атты халықаралық конференция өтті. Халықаралық түркі академиясы ұйымдастырған форумға жиырма елден келген ғалымдар, түркітанушылар, зерттеушілер мен түрлі мәдениет және қоғам қайраткерлері қатысты. Салтанатты шара Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық форумға арнайы жолдаған сәлемдемесімен басталды. Онда Түркі әлемінің алтын бесігі бола отырып, Қазақстан дүние жүзі мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосты делінген. Жолдауды республиканың Франциядағы елшісі, ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі  Жан Ғалиев оқып берді.

ДАРХАН ҚЫДЫРӘЛІ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКІ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы қазір тек қана Қазақстанда ғана емес, өзімізге мәлім бүкіл түркі әлемінде бауырлас халықтар арасында үлкен қызығушылық туғызып отырғаны белгілі. Бұл жерде бізде бірнеше мақсатымыз бар. Біріншісі, мына «Күлтегін», «Қорқыт» жазбаларын Томсонның оқығанына қазір мына 125 жыл толып отыр. Бұл біз үшін маңызды, себебі Елбасы мақаласында атап көрсеткендей, біз өзіміздің жазба мәдениетіміз болғанын,  тарихта үлкен өркениет құрған ұлттың біріміз.

Сонымен бірге Халықаралық түркі мәдениетінің ұйымы 2018 жылды Мағжан Жұмабаев пен Шыңғыс Айтматов жылы деп жариялаған болатын. Қос тұлғаның шығармалары барша түркі халқы үшін құнды. Одан бөлек, халықаралық форумда араб графикасындағы башқұрт жазуы, қарлұқ тілінің жоғалуы, алтай, тыва, ғағауыз, қарайым тілдерін дамыту мәселелері де жан-жақты пысықталды. 

ТИМУР КОЖАОГЛУ, ТҮРКІТАНУШЫ, АҚШ:

 - Мен Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы туралы  бірінші рет 1977 жылы жаза бастадым. Ол кезде Колумбия университетінде магистратурада оқитынмын. «Түркістан» өлеңін ағылшын тіліне аударғанмын. Қазірге дейін Мағжанның 16 өлеңін ағылшын тіліне аудардым. Алдағы екі жылда қырық шығармасын аудармақшымын.

ГЕНРИК ЯНКОВСКИЙ, ТҮРКІТАНУШЫ, ПОЛЬША:

 - Қазақтың ең үлкен, ең атақты ақындарының бірі. Оның мұрасы тек қазақ халқына емес, барлық түркі халықтарына өте маңызды деп білемін.

АХАТ САЛИХОВ, ТҮРКІТАНУШЫ, БАШҚҰРТСТАН:

 - Мағжан Жұмабаев шығармашылығы башқұрт халқының ақыны Шәйхзада Бабичтікіне ұқсайды. Мен оның өлеңін башқұрт тіліне аударғанмын. Қазақ халқының әдеби мұрасына үлкен үлес қосқан деп есептеймін.

Шарада Халықаралық түркі академиясы «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есім» атты жобаның жүзеге асатынын хабарлады. Форум қатысушылары «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қолдау білдірді. Айтуларынша, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі түркі халықтары арасындағы байланысты нығайта түседі.