Бурабайдағы Абылай хан алаңында ақшаңқан киіз үйлер тігілді. Ұлттық парк аумағында қанат жайған этноауыл саяхатшылар үшін аса қызықты әрі тартымды. «Атадан қалған асыл мұра» атты алғашқы этнофестиваль көшпенділер өркениетінің көрінісін көпшілік назарына ұсынды. Мұнда қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары көрсетіліп, қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті. Жастар жағы алтыбақан теуіп, ұлттық ойындар ойнады. Этноауылды тамашалағандардың ішінде шетелдік қонақтар да бар. Олар өз таңданысын жасыра алмады. Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай шаралар қазақтың төл мәдениетін сақтауға, жастар арасында насихаттауға әрі этнотуризмді дамытуға сеп болмақ. Осы мақсатта мұндай этнофестиваль Бурабайда жыл сайын өткізіліп тұрмақ.

ТАТЬЯНА КОШМАН, Л.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ ОҚЫТУШЫСЫ:

 - Ұлттық мәдениетті сақтау мен насихаттаудың маңызы зор. Бұл жерде балалар көп. Мұндай шаралар халқымыздың бірлігін арттырады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы қазақтың бай дәстүрін кеңінен насихаттап, оны тіпті, әлемдік деңгейде танытуға болады. Осындай этно-мәдени мерекелер әрқашан да қызықты.

МАНФРЕД МЕТЦГЕРБУШЕР, ТУРИСТ /ГЕРМАНИЯ/:

-  Мен Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Қазақтың түрлі салт-дәстүрлерін көріп, таң қалдым. Әсіресе, ұлттық киімдеріңіз өте ерекше екен. Ою-өрнектері әдемі. Ал асқан қонақжайлылықпен ұсынған тағамдарыңыз бал татиды.

Ертіс өңірінде де этноауыл қанат жайды. Шарбақты ауданында өткен мәдени шарада қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан сыр шертетін қойылымдар көрсетілді. Балалар асық ойнаса, ақ жаулықты аналар жүн сабап, ұршық иіріп, алаша тоқыды. Сан ғасырлар бойы құндылығын жоймаған халқымыздың қолданбалы өнер туындыларына көпшілік тәнті болды. Ұйымдастырушылар оның тәрбиелік мәні зор екенін айтады. Әсіресе, халқымыздың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртуға жол ашады.

АЙМЕРЕКЕ СМАЙЫЛОВА, «НҰР АНА» ҚБ ТӨРАЙЫМЫ:

 - Бүгінгі таңда апаларымыз өрмек құруды балаларымызға көрсетіп жатыр. Өрмек құрып, алаша тоқып жатыр. Алаша қандай оюмен өрнектеледі. Оның мына технологиясын көрсетіп жатыр апаларымыз. Міне жүн сабау, жүнді қалай сабаған. Оны қалай иірген.

Қазақстанның бай әрі өзіне ғана тән төл мәдени мұрасы – ол елдің баға жетпес қазынасы. Этнотуризмді дамыту – халқымыздың тарихи құндылықтарын сақтап қалудың бірден бір жолы.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер