Қожа Ахмет Ясауидің қолжазбалары мен оның шәкірттерінің кітаптары. Араб тілінде жазылған тарих, география туралы оқулықтар мен шежірелер дастаны. Түркістан қаласының орта ғасырдан бастап білім мен ғылым, өнер ордасы болғандығын айқындайтын, ғылыми кітаптар мен фотосурттер. Осының барлығы Таразда қанат жайған «Ұлы дала елінің жауһарлары» көрмесінде ұсынылды. Жәдігерлердің ішіндегі ең құнды, әрі бірегейі – Ясауидің «Диуани Хикмет» еңбегінің түпнұсқасы.

АННА КРОКОШЕВА, «ЕЖЕЛГІ ТАРАЗ ЕСКЕРТКІШТЕРІ» ҚОРЫҚ-МҰРАЖАЙЫНЫҢ БАС САҚТАУШЫСЫ:

 - Кітаптар араб графикасында куфи жазуымен жазылған. Бұл орта ғасырларда Орта Азияда қолданыста болған аса сирек жазу түрі. Кітаптар ұзақ уақыт бойы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қорларында сақталып келді. Топтаманы музей қызметкерлері жинаған.

Ал шығысқазақстандық кітапханашылар мектеп оқушыларына халықтың тарихи-мәдени мұрасын таныстырудың қызықты жолын тапқан. Театрландырылған көріністер арқылы жастарға өңірдегі балбал тастар туралы айтылды. Тарихтың үнсіз куәгерлері аймақта көптеп кездеседі. Қозы-Көрпеш – Баян сұлу мазарының қасындағы төрт мүсін Қазақстанның киелі орындарының тізіміне енгізілген.

ГҮЛНАР ҚАДЫРОВА, КІТАПХАНА БАСШЫСЫ:

 - Әрине, балбал тастар – сыры ашылмаған аса қызықты тақырып. Тіпті көп адамдар «балбал» сөзінің қайдан шыққанын білгісі келеді. Біреулер «баба» немесе «әке» деген мағынаны білдіретін түркі сөзінен шыққан дейді.

РОЗА АУЫТҚАНОВА, КІТАПХАНА ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Осы шараға орай, көрме ұйымдастырып отырмыз. Кітап көрмесіндегі кітап-журналдарда осы тас мүсіндер туралы көп мағлұмат берілген. Көрменің бүгінгі ерекшелігі мұнда кітаптармен қатар тас мүсіндер де қойылды. Олар ұлы даланың құпиясын сақтап тұрған күзетшілер іспетті.

Жаһандану жағдайында ұлттық бірегейлікті сақтап, тарихи, мәдени, рухани мұрамызды жоғалтпай, кейінгі ұрпаққа ұлағат ету. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы көздеген басты мақсат – осы.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер