«Бабалар ізімен» экспедициясы АҚШ-та

«Бабалар ізімен» тарихи-ғылыми экспедициясы АҚШ-та үндістердің алтайлық тегіне қатысты зерттеу жүргізді. Топ мүшелері Лос-Анжделесте ауқымды материал жинап, Аризона штатындағы Пейдж және Флагстафф қалаларында болып, жергілікті навахо үндістерімен кездесті. Ғалымдардың басты мақсаты – америкалық үндістерден ДНК сынамалар алып, олардың тегі алтайлық деген болжамды нақтылау.

КАЙЛТОН БЕНАЛЛИ ПЕЙДЖ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Біз жылқы етін жейміз. Қой өсіреміз және қойдың жүнін көп пайдаланамыз. Ата-ана мен үлкендерді сыйлау біз үшін заң.

Мамандар Кайлтон ДНК-сының генетикалық үлгілерін Алтай тұрғындарыныкімен салыстырып көрмек. Сараптама қорытындысы бірнеше айда белгілі болады. Зерттеушілер Пейдж қаласындағы мұражайға барып, жергілікті үндістердің күнделікті тұрмысымен танысты. Қазақ халқымен ұқсастықтардың көп екенін байқады.

САПАР ЫСҚАҚОВ, ЭКСПЕДИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бұлардың тұрмыс жағдайында бізге көп ұқсастығы бар. Олардың үйі біздің қазақтың киіз үйіне ұқсайды. Тек біз киіз үйді қойдың жүнінен жасаймыз. Ал бұлар үйді ағаштан жасап, сыртын сылайды екен. Формасы тура біздің киіз үй. Үйлердің есіктері күн шығысқа қарап тұр. Бізде де үйдің есігі шығысқа қарап тұрады. Күн шыққан кезде күн сәулесі үйге кіруі керек.

«Бабалар ізімен» экспедициясы, сондай-ақ Флагстаф қаласының маңындағы Уолнат каньонында болды. Онда XIV ғасырда үндістер тұрған. Мына тас үңгірлер баспана қызметін атқарған. Бүгінде Уолнат каньоны – туристер ең көп келетін ұлттық парк. Үндістер тарихын зерттесе, әлі де тың деректерді анықтауға болады, дейді экспедиция мүшелері.