Ел өңірлерінде музейлер саны артады

Ел өңірлерінде музейлер саны артады

Ел өңірлерінде музейлер саны артады. Мұражайлар облыстардың барлық аудандарында құрылып, өлке тарихынан мол мәлімет беретін орындарға айналмақ. Осылайша, өскелең ұрпақтың өлкетануға деген қызығушылығын ояту көзделген. Сондай музейлердің бірі Ақмола облысы Жарқайын ауданындағы мектепте орналасқан. Рухани орталықта аудан тарихы мен түбекті түлеткен тұлғалардың өмір жолынан сыр шертетін мәліметтер көп.

БОЛАТБЕК ДАМИРҰЛЫ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

 - Енді мынау өзіміздің Жарқайың ауданында жақсы тарихқа қойнауы мол ауылдар бар. Экспонаттарға толы Тасөткел, Далабай деген ауылдарда, осы қазақи ауылдарда осы биылғы жазғы демалыс уақытында оқушыларды сол жаққа ұйымдастырып, өлкені таныту мақсатында, сол жақтағы өзімізге керек экспонаттарды осы жаққа жинақтаймыз.

Ақмола облысындағы 7 ауданда ресми тарихи-өлкетану музейі бар. Одан бөлек, 37 қоғамдық орталық жұмыс істейді. Мұражайлар қоры тарихқа тұнып тұр. Олардың заңды мәртебесі болмаса да, жаңа музей ашқан кезде тигізер пайдасы көп.

СӘУЛЕ БӨРІБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Біз бірінші кезекте ғимараттар таптық. Енді оларды жабдықтауымыз керек. Әзірге экспонаттар қоғамдық музейлерде тұр. Алғашқы нысандар биыл біртіндеп ашыла бастайды. Ал осылайша келешекте олардың қатары көбейе береді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы біздің жұмысқа осындай серпін берді.

Соңғы кезде өлкетану және археология жұмыстарына балалардың қызығушылығы арта түскен. Оған жақында Көкшетау мемлекеттік университетінің жанынан ашылған өлкетану орталығы дәлел. Бұл жерде мектеп оқушылары ғалымдармен сұхбаттасып, олардың еңбегімен танысып, археологиялық қазбаларды зерттей алады.