Семейдегі көне үй «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» республикалық жобасына кірді. Бұл –шығыс өңірдегі бес маңызды орынның бірі. Ғимарат еліміздің рухани храмдарының картасына енгізілген. Бұл үйді өткен ғасырдың басында Абай Құнанбаев оқушысы Әнияр Молдабаевқа сатып алған. Осы үйге ақын әрдайым құтты қонақ болған. Ескі ғимараттың жер асты өткелі болды деседі.

МЕЙРАМГҮЛ ҚАЙРАМБАЕВА, МУЗЕЙ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Естеліктерге сүйенсек, бұл жерде жер асты өткелі болған. Қазір ол жабық. Әнияр Молдабаев қыста жерасты өткелімен қызын мектепке апарып жүрген күндерін есіне алып айтатын. Әрине осындай көне ғимараттар үнемі түрлі сыр-аңыздарға толы болады.

Қазір мұнда алашордалықтарға арналған «Алаш Арыстары» мұражайы орналасқан. Экспозиция жаңартылып, ғимарат ішінде 20 ғасырдың басындағы қалалық интерьер қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Шәкәрім Құдайбердиев, Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатов сынды белгілі тұлғалардың мүсіндері де жасалды. «Алаш» қозғалысының белсенді қайраткерлері бұл үйде жиі бас қосып, қазақ халқының жарқын болашағы үшін күрес жоспарларын талқылаған.

БАУЫРЖАН ДОСЖАНОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Кез келген ұлт өзінің тарихына қарап өседі. Ал біздің қазақтың тарихы өте кеңінен жайылған. Сонау сақ дәуірінен бастап қазақ хандығы, одан бері келе Алаш ұлдарының тарихын оқып, біліп, өз бойларына сіңірсе, бізде өте ұлтжанды, патриот жастар тәрбиеленеді деп ойлаймын.

Мұражайда барлығы мыңнан астам экспонат жиналған. Соның ішіндегі ең құндысы – Ахмет Байтұрсыновтың өз қолымен жазған өмірбаяны.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер