Жаңа оқулықтарды шығару қазақ тілін халықаралық ғылыми лексикамен байытпақ

«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асырудың нәтижесінде ғылыми контент қоры көбейіп, тіліміз халықаралық ғылыми лексикамен баи түседі. Саясаттану ғылымдарының докторы Мұхтар Сеңгірбайдың пікірінше, гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бой­ынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты қазақ тіліне аудару арқылы жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалады.

МҰХТАР СЕҢГІРБАЙ, САЯСАТТАНУ БОЙЫНША PHD ДОКТОРЫ:

- Біз аудармашылар тобымен бірлесіп, «Әлеуметтану негіздері» кітабын аудардық. Бұл – бұған дейін орыс, қазақ тілдеріне аударылмаған еңбек. Жұмыс барысында осы күнге дейін қазақшаланбаған терминдер көп кездесті. Мұқият талдап, саралай келе, біз ең лайықты аудармасын табуға тырыстық, немесе ағылшын тіліндегі нұсқасын қалдырдық. Меніңше, бұл кітаптардың қазақ тілінде білім алып жатқан студенттер үшін, мектеп оқушылары үшін пайдасы зор болмақ. Президент айтып өткендей, қазақ жастарына гуманитарлық ілімнің іргелі еңбектерін өз тілдерінде оқуға жағдай жасалады. Бұл Қазақстанда гуманитарлық ғылымның дамуына, жалпы ғылым саласының дамуына тың серпін берері анық.

Жақын уақытта кітаптың 10 данасы жарыққа шығады. Оқулықтар жоғары оқу орындарына таратылады. Жалпы, биыл тағы 30 оқулықты аудару жоспарланып отыр. Сондай-ақ, мемлекет басшысы кітаптарды орыс тіліне аудару мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Оның пікірінше, бұл еліміздегі үш тілділік қағидасына сәйкес келеді.