Шығыс Қазақстан облысында қазыналы қарттардан құрылған ұйым жұмыс істейді

Ата дәстүрді жалғастырған. Шығыс Қазақстан облысы Зырян ауданында қазыналы қарттардан құрылған ұйым жұмыс істейді. Қариялар бүгінде жас өрендердің бойына төл өнеріміз бен тілімізді, ділімізді дәріптеп жүр.

Қазақтың рухын көтеретін бұл ән, дара халықтың болмысын ерекшелей түседі. 2009 жылы құрылған «Ата дәстүр» ұжымы жаһандану заманында қазақтың салт-дәстүрі мен тарихын сақтап қалуды маңызды міндет деп біледі. Ұйымдағы аталы сөзді дана қарттар өресі биік ұрпақ тәрбиелеуді де өз мойындарына жүктепті.

ФАРИДА ТАУДАНБЕКОВА, «АТА ДӘСТҮР» БІРЛЕСТІГІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- 38000 кісісі бар Зырянда 18 пайыз қазақ болғаннан кейін біз өз салт-дәстүрімізді, ата-бабаларымыздан келе жатқан барлық асыл құндылықтарымызды осы елге көрсетіп,паш етіп, басқа ұлт өкілдеріне, болашақ балаларға осының бәрін табыстау мақсатымен құрылған болатын.

Берекесі келіскен, әр күні мерекемен ұласқан ұжым аудандық «Достық үйінің» құрамында. Қазір мұнда 5 этномәдени бірлестік құрылған. Барлығы да «Рухани жаңғыруға» үлесін қосып келеді.

ГАЛИНА ДЕДОВА, ЗЫРЯН АУДАНДЫҚ ДОСТЫҚ ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Бұл этно бірлестіктер Президенттің «Рухани жаңғыру» мақаласына сәйкес ұлтты партриотизмге тәрбиелеп жатыр. Біз ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге мол мүмкіндік алдық. Елбасы ұсынған жобаны жүзеге асыру барысында бірлестіктіктің еңбегі ерен.

Бірлестіктің жетекшісі Фарида Тауданбекова бастаған ұжым діліміз бен ғұрпымыздан кең мағлұмат беретін кітап шығарыпты. Шағын жинақ зыряндық өрендердің көкжиегін кеңейтуге сеп болары анық.