Елордада «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулықтың» алғашқы 18-і көпшілікке таныстырылды.  Шара «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының  бір жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. Бұл - гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі ең үздік университеттерде қолданылатын құнды еңбектер. Оның 16-сы ағылшын, біреуі - француз, енді бірі орыс тілінен тәржімаланған. Аталған оқу құралдары философия, әлеуметтану, психология, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, дінтану, лингвистика, мәдениеттану және журналистика пәндерін қамтиды. Биыл заман талабына сай тағы отыз оқулық мемлекеттік тілде басылып шықпақ. 10 мың данамен жарық көрген кітаптар жаңа оқу жылынан бастап жоғары білім беру жүйесіне енгізіледі.  Озық оқулықтардың тұсаукесер рәсіміне арнайы қатысқан Нұрсұлтан Назарбаев бұл жаңа қадамның рухани жаңғыру жолындағы маңызын атады.

СНХ: НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ,  ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ :

- Бүгінгі алғашқы зияткерлік транш - Ресей, Ұлыбритания, Франция, Швейцария сияқты озық елдердің ең таңдаулы ғылыми өнімдері. Адамзат санасының ең таңдаулы туындылары түпнұсқадан алынып отыр. Біз ағылшын тілінен қазаққа аударып отырмыз, бірінші рет. Біз, әрине, орыс тілін білу арқылы көп нәрсеге қол жеткіздік, оны еш уақытта жоққа шығаруға болмайды. Дүниежүзілік мәдениет, тарих, ғылым да орыс тіліне аударылды, сонымен біз үйрендік көбінесе. Пайдасы өте зор болды. Ал тікелей өз тілімізге аудару бірінші рет болып отыр.

Ұлттық аударма бюросының басшысы Рауан Кенжеханұлы атқарылған ауқымды аударма ісінің барысы жайлы баяндады. Оның айтуынша, оқу құралдарын қазақ тіліне аудару жұмыстарының нәтижесінде  мемлекеттік тіл қоры 3 мың жаңа терминмен және ұғыммен толықтырылды. Кітаптарды аудару мен жарық көру ісіне ең үздік  аудармашы, редакторлар мен ғылым өкілдері жұмылдырылған.

РАУАН КЕНЖЕХАНҰЛЫ, ҰЛТТЫҚ АУДАРМА БЮРОСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

- Еліміздің ЖОО-нан жалпы саны 800-ден аса аударылуы керек деген оқулыққа ұсыныс келіп түсті. Мамандардан құралған арнайы жұмыс тобы аударылатын оқулықтарға қойылатын мынадай талаптарды анықтады. Оқулық дүниежүзіндегі маңдайалды 100 университеттің бағдарламасында болуы керек. Кемінде 3 басылым көруі тиіс. Мазмұны өзекті, әрі идеялық тұрғыдан бейтарап болуы керек. Философия, әлеуметтану, психология, тіл білімі, антропология мен дінтану, журналистика, экономика мен кәсіпкерлік саласын қамтитын алғашқы 18 оқулық іріктелді. Бұл кітаптар әлемнің 42 елінде 34 тілде басылып, жалпы таралымы 47 миллионнан асқан.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер