Ақтөбедегі Есет батыр кешені «Қасиетті Қазақстан» картасына енді

Ақтөбедегі Есет батыр атындағы мемориалдық кешен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қасиетті Қазақстан» картасына енген. Әбілқайыр ханның тұсында ел қорғаған  Есет Көкіұлының кесенесі Алға ауданы, Бестамақ ауылының маңында орналасқан. Батыр кіші жүз жеріне Еділ қалмақтары мен Жайық казактары төндірген қауіп-қатерлерден елін қорғау үшін 17-18 жасында қолына найза алыпты. Батыр өз заманында алдымен аталығы мен руын басқарып биікке жеткен.

ӘБДУВАХИТ ӘБДУКӘРІМҰЛЫ, «ЕСЕТ БАТЫР КӨКІҰЛЫ» МЕМОРИАЛДЫ КЕШЕНІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

- 23 жасында Торым ұрпағын басқарғандығы, сол Торым ұрпағында 200-250 әскер болғандығы, 43 жасында бүкіл Батыс өңірінде әскер басшысы болғандығы, онан кейін, Орынбор губернаторына барып, батырлығымен, ел қорғағанымен тархан атағын алуы, бұл қазақ жерінде үлкен батырлық қасиетін көрсеткен.

Ел аузындағы деректерде Есеттің қызы Ботагөз де атқа қонып, ел қорғағаны айтылады. Ержүрек мінез қанмен келген. Олардың бабасы Көкі заманында аты шыққан айбынды батыр болыпты. Жауынан тайсалмай, қарсы шабатын қасиеті болғандықтан, Көкіні былайғы жұрт Таймас батыр деп атап кетіпті. Ол Жалаңтөс батырдың әскеріндегі ең беделді тұлға болған екен. Бүгінде ұзын жолдың бойынан өткен жолаушылар Есет Көкіұлының кесенесіне тоқтап, құран бағыштайды. Жылына 10-12 мың адам осы жерде аялдайды екен. Қорым жанында мемориальды кешен мен мешіт үйі бар.

БЕКЖАН АППАЗОВ, АЛҒА АУДАНДЫҚ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

- Біздің жастарымыз, болашақ ұрпақ Есет батырдың кім екенін білсін, патриоттық бағытта тәрбие алсын деген ниетте жылма жыл мұның басына мектеп бітіруші оқушылар, жалпы, мектеп оқушылары келіп тұрады. Одан қалды, ауданның жастары келіп тұрады. Биылғы Ақтөбе облысында жарияланған «Бақытты балалық шақ» акциясына сәйкес, 70 жас оқушы келіп, Есет батырдың басында экскурсия жасап, кім екенін білді, танысты.

Ердің ескерткіші былтыр Бестамақ ауылы маңындағы күре жолдың бойына қойылды. Биіктігі 12 метрге жуықтайтын еңселі тасты тұрғызуға жергілікті кәсіпкер 32 млн теңге қаржы бөлді. Жалпы, өңірде 1600 түрлі ескерткіш тіркелсе, оның  600-ден астамы мемлекеттік қорғауға алынған.