«Қазақстанның 100 жаңа есімі» тізіміне енген тұлғалар қатарында тағдырдың қатал сынына төтеп беріп, қоғамнан ойып тұрып өз орнын алған жандардың жөні бөлек. Солардың бірі, Құралбай Орынбасар он жасында бір көзінен айрылса да, спорттан қол үзбеді. Тынымсыз жаттығу мен жігерінің арқасында самбодан Азия мен Еуропа чемпионы атанып, Рио-де-Жанейродағы параолимпиадаға қатысты. Бұл жетістіктерін місе тұтпай көру кемістігі бар азаматтардың арасында дзюдодан өтетін паралимпиада ойындарына лицензия да ұтып алды. Білекті әрі жүректі спортшы қазір шәкірт тәрбиелеп, білгенімен бөлісіп жүр.

ҚҰРАЛБАЙ ОРЫНБАСАР, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

- Өзім әлем чемпионы бола алмасам да, дарынды балаларды дайындап, әлем чемпионын шығардым. Гауһар Тұрмаханова, Сабыржан Әбілдәұлы, Бағлан Әбдіразақ деген оқушыларым Азияның, әлемнің чемпионы болды.

АМАНХАН ӨСКЕНБАЕВ, ШӘКІРТІ:

- Әр баланы өз баласындай көреді, әр қайсымыз үшін ауырады. Барлық бала ағаның айтуымен, сол жолмен келе жатыр. Ағайымыздың үйретуімен қазір Қазақстан, Азия, Әлем чемпиондары шығып жатыр.

Маңғыстаулық Владислав Трифонов болса 15 жасында көз жанарынан  айрылған. I топтағы мүгедек атану бозбаланың жігерін жасыта алмады. Владислав бүгінде үш бірдей  мамандықты игерген. 23 жыл бойы мануалды терапия маманы болып еңбек етті.2006-шы жылы өзі сияқты мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау үшін қоғамдық қор құрып,   жүздеген жанға қолұшын берді.Білікті заңгер ретінде  ұлттық медиаторлар палатасы мен республикалық тұтынушылар лигасының аймақтағы өкілдігінде талай іс тындырды.

ВЛАДИСЛАВ ТРИФАНОВ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

- Егер ұзақ мерзімді жоспарлармен бөлісетін болсам, осы саланың білгірі, сарапшысы ретінде жұмыс істеп, халықаралық деңгейге жетуді көздеймін. Халықаралық ұйымдардағы комиссия отырыстарына қатысып, медиация және адам құқын қорғаудағы  түйткілді мәселелердің шешілуіне атсалыссам деймін.

«100 жаңа есім» жобасы көпшілікке танытқан, қоғамдағы парасат биігінен көрінген жандардың өмір жолы көпке үлгі.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер