Қазақ әдебиеті әлем назарында - Kazakh TV

Қазақ әдебиеті әлем назарында. Ақын-жазушыларымыздың латын тілінде жарық көрген шығармаларын енді кез келген мемлекетте жүріп, оқуға мүмкіндік бар. Ұлттық академиялық кітапхана қызметкерлері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 20-ғасырда жазылған туындыларды біртіндеп сандық форматқа көшіріп жатыр.  Қазақстанның ірі кітапханаларында сақтаулы тұрған латын қарпіндегі әдебиеттердің әзірге 30 пайызға жуығы цифрландырылды. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана қорында латын әліпбиімен жазылған 1300-ден астам кітап бар. Олардың дені негізінен 1929-1940 жылдар аралығында жарық көрген. Абай, Бейімбет, Сәкен және қазақтың басқа да ақиық ақындары мен қабырғалы қаламгерлерінің іргелі шығармаларын осы жерден табасыз.

ДАРИҒА ДӘУРЕНБЕКОВА, ҚР ҰАК СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

- Бұл кезеңде көркем әдебиет ерекше қызығушылыққа ие болды. Әсіресе, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Сәкен Сейфуллин сияқты қазақ ақын-жазушыларының шығармалары. Бізде олар сақталған.  

Латын қарпінде жарық көрген кітаптар сол кездегі заманның көрінісін көрсетеді. Көбі – Ленин, Сталин, Ворошиловтың шығармалары. Мұндағы әйгілі әдебиеттер алдымен сканерленеді. Бұл шыдам мен сабырды қажет ететін жұмыс. Дайын көшірме Ұлттық электронды кітапханаға жүктеліп, көпке қолжетімді болады.

Мұндағы көп еңбектен «QAZAQЬSTAN BASPASЬ» деген жазуды көруге болады. Ол уақытта ел аумағында бірыңғай баспа үйі жұмыс істейтін. Еңбектерге қарап қазақ әліпбиінің латын қаріптен кириллицаға ауысу үдерісін де байқауға болады.

НҰРХАН СЕРКЕБАЙ, ҚР ҰАК АҚПАРАТТЫҚ-МӘДЕНИ БАҒДАРЛАМАЛАР ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Латын әліпбиіне көшу барысында әріптер көптеген өзгерістерге ұшырады. Алдарыңызда 1935 жылы  физика сабағы «пизика» пәні ретінде берілсе, 1939 жылы физика, яғни «п» мен «ф» әріптері өзгеріске ұшырап отыр.

Сирек кітаптар мен қолжазбаларды сандық жүйеге көшірудің мақсаты Қазақстанның бай әдеби мұрасын сақтау әрі көпшілік үшін қолжетімді ету. Атап өтерлігі, ұлттық кітапхана қорындағы еңбектерді 2020 жылға дейін сандық форматқа толықтай ауыстыру көзделген. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер