Ұлыбританияда білім алып жүрген қазақстандықтар бірлесіп жаңа латын әліпбиін үйренуді қолға алды. Олар арнайы курстар ашып, онда латын графикасына негізделген қазақ әліпбиімен қатар қазақ тілін де үйренеді. Ұлыбританиядағы елшілік арнайы бөлме ашып, оны жабдықтап берген. Клубта қазақстандық студенттер, жергілікті компаниялдарда еңбек ететін қазақтар, тіпті шетелдіктер де бар.

ЕРЛАН ӨТЕГЕНОВ, КЛУБ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ, КОНСУЛ: 

 - Біз Британияда жаңа әліпбидің ауқымын және оның қолданысын кеңейткіміз келеді. Сондықтан осы кездесулерді ұйымдастырдық. Жақын арада бұл бастамамыз жемісін беріп, көпшілік жаңа әліпбиді еркін пайдалана алады деген үміттеміз. 

Мұнда сабақ еркін форматта және ойын түрінде өткізіледі. Интернеттен түрлі көрнекілік құралдар пайдаланылады. Дәріс қазақтың құндылығын насихаттап, кеңінен меңгеруге бағытталады. Мысалы, әдеттегідей бір кездесуде клуб мүшелері сабақтың тақырыбын ұлттық музыкалық аспаптарды танып-білуге арнады. Олар домбыра, қобыз, жетіген және басқа да ішекті аспаптар туралы жаңа мағлұмат алды. Аспаптардың атаулары мен бөлшектерін жаңа латын графикасын пайдалана отырып, дұрыс жазуды үйренді.

ЕРЛАН РЫСҚАЛИ, КЛУБ МҮШЕСІ:

 - Бұл осы жақтағы ағайындардың мынау елдегі болып жатқан дүниелерге шама-шарқы келгенше хабардар болып, әрі соған жүзеге асуына атсалысу деп білемін өз басым. Және бүгінгі жиын өте керемет тартымды әрі сәтті өтті. Әркім өзінің ойын ортаға салып жатыр.  

Қатысушылар арасында шетелдіктер де бар. Харизма Жавэт мұнда өзінің қазақ мәдениеті туралы білімін кеңейтіп жүр. Латын қарпіне көшу арқылы бұл жеңілірек және ыңғайлырақ бола түсті, дейді ол. Пікірінше, бұл жаңалық қазақ әліпбиін пайдалы әрі қолайлы ете түседі.

ХАРИЗМА ЖАВЭТ, КЛУБ МҮШЕСІ:

 - Тілді білмейтіндер үшін оны үйренуге арналған үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Жұртшылық қазақшаны тезірек түсіне алады. Мен мұны өте оңды қадам деп есептеймін.

Ұйымдастырушылар келешекте клуб мүшелерінің қатары толыға түсетініне сенімді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер