Италия археологтары Қазақстанның киелі жерлерін зерттемек - Kazakh TV

Ұлы дала тарихынан сыр шертер киелі аймақтарды зерттеу жұмыстарына шетел археологтары тартылмақ. Италия мен отандық ғалымдар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның көне мекендерінің сырын бірлесіп ашуды көздеп отыр. Биылдан бастап бірқатар қасиетті жерге танымдық экспедиция жоспарланған. Табылған құнды заттарды жаңғырту ісін Италияның Флоренция қаласындағы мұражай жәдігерлерін сараптау және қалпына келтіру институты жүргізетін болады. Сондай-ақ, осы институт қабырғасында жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру мүмкіндігі қарастырылып отыр. Айта кетейік, бұл екі ел мамандарының осы саладағы алғашқы әріптестігі емес. Ғалымдар жұмылып, қазақ, орыс, ағылшын және италия тілдерінде жарық көрген алғашқы археологиялық сөздік құрастырып шығарған болатын.

ТІЛЕГЕН САДЫҚОВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

- 4 тілде әлемдік деңгейде археологиялық терминдерді анықтап беру – біздің алғашқы жетістігіміз. Енді биылғы жазда қонақтарды шақырып отырмыз. Шыңғыстау өңіріне апарып көрсететін болсақ, ондағы табылған керемет мықты жәдігерлеріміздің толық сипаттамасын бірлексіп шығарамыз деген ой бар.  

ЛЕТИЦИЯ МОНТАЛЬБАНО, МУЗЕЙ ЖӘДІГЕРЛЕРІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ӨКІЛІ /ИТАЛИЯ/:

- Жоба аясында түрлі елдердің 25 студенті білім алып жатыр. Оның екеуі – қазақстандық. Тәлім алушылар көне жәдігерлерді қалпына келтіру бойынша 15 тәжірибелік курстан өтеді. Жаңа келісімнің аясында қазақстандық магистранттардың тағы бір легін оқуға шақыру үшін келіп отырмыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер