Павлодар облысында қазақ халқының ұлттық киімдерінің көрмесі ашылды - Kazakh TV

Қазақ халқының ұлттық киімдері қалай қалыптасты, тұрмыстық жағдайлар мен заман ағымына сай қалай өзгерді? Павлодар облысында ашылған көрмеге келушілер ұлттық киімнің тарихымен кеңінен таныса алады. Көпшілік назарына XIX ғасырдың соңына тиесілі киім-кешектер мен жүзге жуық жәдігер қойылды. Олардың ішінде ұлттық ою-өрнектермен безендірілген шапандар, бас киімдер, зергерлік бұйымдар бар.

ШОЛПАН ӘБІКЕШОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

Көрермен назарына ұсынылған көрмедегі ең бағалы экспонат – жасыл бархыттан тігіліп, алтын жіппен безендірілген хан шапаны. Сонымен қатар ел назарына құнды жәдігерлердің санатына жататын, өткен ғасырдың 20-30 жылдарына тән, өңіріміздің тумасы, ақын Жаяу Мұсаның шапаны қойылды.

Ертіс өңірінде «Рухани жаңғыру» аясында ұйымдастырылған тағы бір шара – жас күйшілер байқауы. Өнер мерекесі Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 160 жылдығына арналды. Жас таланттар Құрманғазының, Дәулеткерей мен Дина Нұрпейісованың, Әбдімомын Желдібаевтың шығармаларын орындады. Күйшілер сайысының негізгі мақсаты – бабадан қалған бекзат өнерді сақтап,  ұрпақтан ұрпаққа жеткізу. Павлодарда шеберлік байқасқан жас күйшілер бұған дейін  аудандық, қалалық байқауларда топ жарып, облысқа жолдама алған. Атап өтерлігі, соңғы жылдары  Ертіс өңірінің домбырашылар мектебі қалыптасқан.

НҰРБОЛ ҚАРАТАЙ, ЖАС КҮЙШІ:

 - Бес жыл бойы домбырамен айналысып жүрмін. Сол бес жыл ішінде көптеген байқауларға қатыстым. Осы жуырда республикалық конкурстан гран при жүлдесін алдым. Осындай сайыстарда біз өзіміздің шеберлігімізді көрсете аламыз.

ДАМИРА СЫЗДЫҚОВА, МУЗЫКА ПӘНІ МҰҒАЛІМІ:

 - Осы сайысқа біз №29 жалпы орта білім беру мектебінен келіп жатырмыз өз оқушыммен. Дәулеткерейдің, Тәттімбеттің және Дина Нұрпейісованың, Құрманғазының күй атасы дегендей, күйлерін орындап шықты. Жалпы орындағаны өте көңілімнен шықты.Енді осы сайыстан жеңіс күтеміз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер