«Киелі Қазақстан» бағдарламасы туған жер тарихын тануға мүмкіндік береді

«Киелі Қазақстан» бағдарламасы туған жер тарихын тануға мүмкіндік береді. Мысалы, Ақмола облысындағы білім ордаларында 13 мыңға жуық мектеп оқушысы өлке тарихы мен табиғатына қарасты зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Игі бастама аясында Бурабайда «Өлкетану балаларға: идея және тәжірибе» деп аталатын шара ұйымдастырылды. Оған еліміздің барлық өңірлерінен мектеп оқушыларын өлкетану ісіне баулып жүрген әдіскерлер жиналып, туған жерге арналған жұмыстарға шолу жасады. Бүгінде осындай жұмыстардың нәтижесінде мектептерде шағын музейлер бар. Бір ғана Ақмола облысындағы білім ошақтарында 200-ден астам өлкетану музейі ашылыпты.

АРДАҚ ҚҰЛЖАНОВ, СЕМИНАРҒА ҚАТЫСУШЫ /ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ/:

 - Конференция барысында өлкетануға байланысты көптеген іс-тәжірибе көрсетіп жатыр. Оның бір саласын атап айтқанда, өлке тарихын балалардың өзінің шығармашылығы ретінде видеоға түсіріп, насихаттауы жақсы бір көрініс тапты. Соларды өзімнің қойын дәптеріме жазып алдым деуге болады іс-тәжірибе алмасуға. Басқа өңірлерден келген әріптестердің ой-идеяларын осы конференция барысында өзіме жазып алдым.

БАТЫРХАН ЖҰМАБАЕВ, «ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚСТАН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЗО ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Кішкентай бүлдіршіндердің, болашақ жастардың жасаған өнерлерін көріп және солармен бірге жұмыс жасаған мұғалімдердің еңбектерін көріп, өзіміздің осындай жергілікті жерлерде, тек қана облыс орталығында емес, аудан, ауылдарда да өлкетану аясы дамып келе жатыр деп айтуға болады.

Ал Өскеменде студенттер әзірлеген «Қазақстанның киелі жерлері» бейнеролигі таныстырылды. Онда Айша бибі, Қожа Ахмет Ясауи кесенелері, Қоңыр әулие үңгірі мен республиканың басқа да қасиетті нысандары бар. Мұндағы басты мақсат – тарихи-мәдени ескерткіштердің ерекшелігін айқындап, ұрпаққа насихаттау, рухани құндылықтарды паш ету.

ӘСЕМ НҰРЛАНҚЫЗЫ, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:

 - Қазақстанның әдебиет жағынан, мәдениет, туристік жағынан болсын әлеуеті жоғары. Осы 12 жерді Шығыс Қазақстанның әртүрлі әлеуетін жан-жақты көрсету мақсатында етіп көрсету. Бұл тізім әлі де жалғасатын болады, жоба әлі де жалғасатын болады деген сенімдеміз.

Бұдан бөлек, Өскемендегі ЖОО-ы «Қазақстанның қасиетті жерлерін» кеңінен таныстыратын кәсіби гид мамандарды оқытуды қолға алып отыр.