Маңғыстау облысында 16 жаңа ескерткіш табылды

Маңғыстау облысында 16 жаңа ескерткіш табылды. Оның 14-і сәулетті ескерткіш болса, қалған екеуі үйіктер. Қазба жұмыстары Солтүстік Үстірт шыңдары мен Мұзбел жоны, Қарнғұрлы жазығында жүргізіліпті. Мамандардың пікірінше, Шатыр және Тақырбас үйіктері темір дәуіріне тән. Табылған нысандар алдын ала есепке алынды. Алдағы уақытта толық зерттеледі. Бүгінде Маңғыстауда 590 тарихи-мәдени ескерткіш тіркеуде тұр. Ал оның 20-сы республикалық дәрежедегі ескерткіштер санатында. Маңғыстау топырағы тарихи-мәдени ескерткіштерге бай. Сайын далада шашылып жатқан балбал тастар, біздің заманымызға дейін салынған ғибадатханалар мен зираттағы ескерткіштерге үңілген сайын бұл аймақта қай дәуірде қандай тайпа мекендеп, қандай саяси оқиға болғанын, өңірдің әл-ауқаты, мәдени өресі дәрежесін анықтауға болады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан өлке тарихын тану жұмыстары биыл да қарқынды болмақ.

МАРАТ ӨТЕСІНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-МӘДЕНИ ҚОРЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Мамыр айында біз үлкен кешенді экспедиция ұйымдастыруды жоспарлаймыз. Оған тарихшылар, археологтар, этнографтар, архитекторларды қатыстырамыз. Нәтижесінде бір бейнефильм дайындалады. Ғылыми есептер дайындалады. Осы экспедицияның мақсаты – біздің Маңғыстаудың ескерткіштерін толық зерттеу жұмыстарын өткізуді жоспарлайды.