Алматы табиғатының кадрге ілінген маржандары мен картиналары көпшілік назарына ұсынылды. Оңтүстік астанада «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» фотокөрмесі ашылды. Ұйымдастырушылардың мақсаты – тұрғындар мен қала қонақтарына еліміздің бай мәдениетімен, туған жердің тарихымен таныстыру. Көрмеге Қайыңды мен Тамғалы тас, Сақ бекінісі және орта ғасырлық кесенелердің фотосуреттері, қала маңынан табылған археологиялық жәдігерлер қойылды. Сонымен қатар, музейге келушілер басқа да залдарды аралап көріп,  қазақ хандығына, мәдениет пен өнердің дамуына, шаһардың Верный аталған тұсындағы қызықты деректерімен танысты. Музейде 40 мыңнан аса жәдігер жинақталған.

АРНАБАЙ НҰРЖАНОВ, Ә.МАРҒҰЛАН АТЫНДАҒЫ АРХЕОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ БАС ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Есік қорғаны, Берғалы қорғаны сосын Тамғалыда петроглифтер көп. Бұл қасиетті жерлер Алматы маңында орналасқан. Бүгінде көптеген ескерткіштер жоғалып бара жатыр, әсіресе, табиғи ескерткіштер. Біздің мақсат – оларды сақтау, келешекке аманаттау.

Ал Семейдегі республикалық Абайдың қорық мұражайында алғаш рет Шәкәрім Құдайбердіұлының жеке заттары қойылған көрме ашылды. Шәкәрім қажының 160 жылдығына орай, музей қоры 100-ден аса  жәдігерді көпшілік назарына ұсынды. Ұлы ойшыл тұтынған құнды дүниелерді немере туысы сақтап келген екен. Көрмедегі ерекше назар аударатын жәдігер – осыдан бір ғасыр бұрын жасалған Шәкәрім қажының шақшасы. Жануардың мүйізінен жасалған көне зат әлі күнгі дейін жақсы сақталыпты.

МЕЙРАМГҮЛ ҚАЙРАМБАЕВА, АБАЙ МУЗЕЙІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Шақшаның сақталуы өте жақсы. Оның өзінің тікелей қолданыста болғаны көрініп тұр. Ішінде насыбайдың қалдықтары бар деуге болады. Бірақ қолданыста болса да көзінің қарашығындай сақтап, бізге осы уақытқа дейін жеткізген Әзімбаевтар отбасына үлкен алғысымызды білдіреміз. Дәл биыл Шәкәрімнің 160 жылдығына қарсы мұндай жәдігер табылуы үлкен олжа. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер