«Қазақстанның киелі жерлер географиясы» бойынша 186 нысан жалпыұлттық маңызға ие деп танылды - Kazakh TV

«Қазақстанның киелі жерлер географиясы»  бойынша 186 нысан жалпыұлтқа, 456-сы аймақтық маңызға ие деп танылды. Қасиетті мекендер тізімін арнайы құрылған сараптамалық кеңес мүшелері, еліміздегі тарихшылар мен ғалымдар, қоғам қайраткерлері анықтады.  Дегенмен, бұл тізім осымен шектеліп қалмайды.

БЕРІК ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, «ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚСТАН» ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 -Біздің ең басты талабымыз, неге ол нысан қасиетті? Оның киелігі неде? Соның аңызын жинау болды. Осы жұмыс әлі жалғасады. Биылдың өзінде аймақтарға бару жоспарланып отыр. Бұл - тарихымызды біліп, тарихпен мақтанатын жоба. Сондықтан, рухани жаңғырудың мақсаты – біз өз тарихымызды білмей үлкен жетістіктерге жетпейтіндігімізді көрсету.

Тарих тұнған қасиетті мекендер келешекте Қазақстанның визиткасына айналуы тиіс. Ұлытау, Тамғалы тас, Отырар сынды көрікті жерлерде сапар орталықтары ашылмақ. Сонымен қатар, ауқымды шара аясында «Қасиетті Қазақстан» деп аталатын виртуалды карта да әзірленді. Енді туристер ел ішіндегі тарихи жерлерге 3Д саяхат жасай алады. Ұлттық музейдегі бұл виртуалды жобаға қызығушылық танытушылар көп. Олар Қазақстанның әр түкпіріндегі киелі жерлеріне шағын шолу жасайды. 

АЙГЕРІМ ЖҰМАҒҰЛОВА, ҚР ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ЭКСКУРСИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Жошы хан кесенесі - Қарағанды облысы Ұлытау өңірінде орналасқан. Жезқазған қаласынан 50 шақырым жерде. Бұл монитор Жошы хан кесенесінің тарихымен таныстырады. Және монитор 3Д форматта, яғни сіз виртуалды саяхат жасай аласыз.

Қасиетті топырақтағы тарихи жерлер толығымен анықталған соң, мемлекеттік реестрге енгізіледі. Тізімде құжаттары бекітілген киелі орындардың анықтамалары толық көрсетілетін болады. Жалпы жоба ел ішінде қарқынды жүріп жатыр. Ақпараттық-түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізіліп, деректі фильмдер түсірілуде.  ВВС секілді әлемдік арналарда көрсету үшін 4 шағын бейнеролик пен қасиетті жерлердің тарихын кеңінен баяндайтын кітаптар мен энциклопедиялар да жарыққа шықпақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер