Рухани жаңғыру бағдарламасы - өткенді екшеп, болашаққа бағдар беретін ауқымды жоспар. Ұлтық комиссия Астанада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асқан жобаларды талдап, өткен жылды қорытындылады. Айта кетейік, бағдарламаның жүзеге асырылуы Нұрсұлтан Назарбаевтың жіті бақылауында.

ӘДІЛБЕК ЖАҚСЫБЕКОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ӘКІМШІЛІГІНІҢ БАСШЫСЫ:

- «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында барлық салаларда да жақсы нәтижелерге қол жеткізгенімізді айта кету керек. Әлі де жоспар көп. 2017 жылғы нәтижелерге сай, қай жұмысты қай бағытта күшейту керектігі белгілі болды. Алдымен ақпараттық-түсіндіру ісінің сапасына баса көңіл бөлу керек. Бұл ретте, жобалық-кеңсенің үйлестіру және аймақтармен жұмысына ерекше назар аударылуы қажет. Сапасын арттыру үшін аймақтардағы әкімдер қарқынды жұмыс істеуі керек. Мен оларға бағдарламаның жүзеге асырылуын қадағалауды тапсырамын. Сонымен қатар, оқу орындарында осы жұмысқа белсене қатысуға шақырамын. 

Комиссия отырысында қазақ тілінің ЖОО-да оқытылу сапасының маңыздылығы туралы да сөз болды. Бүгінде мемлекет 100 үздік оқу-әдістемелік құралын ана тіліне аудармақ. Оның ішінде әлемдік деңгейдегі 20 оқулық аударылды. Бұл студенттердің танымын кеңейтеді. Демек, өркениетті елдерді өрге шығарған оқулықтар барлық қазақстандықтар үшін қолжетімді болады.

ЗАРЕМА ШӘУКЕНОВА, ҚАЗАҚСТАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Қазір 20-ға тарта оқулық таңдалып алынды. Оларды іріктеу біршама уақытты қамтыды. Оқу орындары мен ұстаздар қауымы өз ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ, "Болашақ" бағдарламасының түлектері әлемдік деңгейдегі туындыларды таңдауға атсалысты. Саясат, әлеуметтану, тарих және дінтану салаларындағы үздік еңбектер назардан тыс қалған жоқ.

Ең алдымен, ақпарат пен түсіндіру жұмыстарын күшейтуге ерекше көңіл бөлінбек. Қазақ жерінде тарихи, танымдық мекендер жетіп артылады. Оларды кеңінен насихаттап, мол ақпарат берілсе халық арасында қасиетті орындар таныла түспек. Осы ретте «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» аясында құрылған ғылыми-сараптамалық кеңестің жұмысы қарқынды. 3Д турлармен виртуалды карта жасақталды. 

БЕРІК ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, "ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚСТАН" ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Жергілікті этнографтардың, қоғамның, ғалымдардың қатысуымен өңірлерде жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі күні жалпы республика бойынша 185 нақты нысаннан тұратын 100 қасиетті кешеннің тізімі және 456 өңірлік қасиетті орындар тізімі нақтыланған. Қазіргі уақытта талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тізім әлі толығымен біткен жоқ. Зерттеулер жүргізілетін болады. Ең алдымен, біз ел аузындағы аңыздарға мән береміз. Неге бұл орындар қасиетті. Мұны білу біз үшін өте маңызды.

«Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы шетелдіктердің назарын аударды, ал қазақстандықтардың шығармашылық әлеуетін арттырды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының таныстырылымы өткен жылы Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өтті. Отандық киноматографтардың жұмыстары АҚШ пен Италияда көрсетілді. Онда жеті фильм көпшілікке ұсынылды. Сонымен қатар, театр, музей, музыкалық ұжымдардың қатысуымен 20 рет шетелге іссапар ұйымдастырылды. Интернет желісінде де ел туралы ақпараттар молынан жүктелді. Мысалы, халық енді Dala-tunes сайтынан отандық музыкаларды тыңдай алады. Ал бүгінде музей мұрғатын цифрлау жұмыстары жүргізіліп жатыр, ол да жақын арада интернетте қолжетімді болады. 2017 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы да жүйелі түрде жүзеге асты. Ел бейбіт күннің батырларын таныды һәм бүгінгі заманның озық ойлы озаттарымен мемлекет басшысы жүздесіп, ықылас танытты.

Елдің дамуы мен әлеуметтік жағдайды жақсарту мақсатында жергілікті кәсіпкерлер «Туған жер» жобасына қатыса алады. Демеушілер түрлі нысандар мен тұрғын үйлер салып, оларды жаңғыртуға үлес қосады.

БҮРКІТБАЙ АЯҒАН, МЕМЛЕКЕТТІК ТАРИХ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Қазақстан тәуелсіздік жылдарында экономикалық саяси реформаларды жүргізді. Кеңес үкіметі жүргізген идеологиядан бірден шығып кетуге мүмкіндік болмады. Сондықтан сананы жаңғырту үрдісі баяу жүрді. Тарихты терең білу, білімге терең бойлау маңызды.

Қазақстандағы қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы қазақ халқының символына айналды. Ұлт ұстанған ұлы бағыт - болашаққа сеніммен қарауға,  өз мәдениетімізді сақтап қалуға сеп болады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер