Ақмола облысы Шортанды ауданында «Рухани жаңғыру» музей-кабинеті ашылды

Ақмола облысы Шортанды ауданында «Рухани жаңғыру» музей-кабинеті ашылды. Бұл – Мықтыкөл мектебіндегі алғашқы музей. Оны жабдықтауға ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымы атсалысқан. Шағын кабинетке 8 қанатты киіз үйді құрып, ішіне қазақтың ежелгі бұйымдары мен көне киімдерін, қолданыстан шығып бара жатқан ескі ыдыс-аяқ түрлерін қойыпты. Бар-жоғы 50 балаға арналған мектептің бұл игі бастамасы көпке үлгі. 

ДОСАН БЕКЕЙ, МЫҚТЫКӨЛ АУЫЛДЫҚ НЕГІЗГІ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Мына киіз үйді осы мектептің орналастыру үшін қаншама ата-аналарымыз, қаншама мұғалімдеріміз еңбегін төкті. Яғни, мына 80 басты, 8 қанатты киіз үй оңай емес мектептің ішіне кіргізу. Немерелерінен көтертіп жіберген заттар да бар. Әрбір ата-ананың алыстан арбалап әкелген дүниелері бар. Бұл осылай қалып қоймайды. Осының ішіндегі әрбір заттың құндылығын тарих пәнінің мұғалімі өз сабағына қосымша пән ретінде сабақ береді.

ЗАҢҒАР СЕРІКБАЙ, ОҚУШЫ:

 - Мен бұл жерден бұрында көрмеген көп заттарды білдік. Және де ескі үтіктің осындай болатынын білдік. Басқа да заттармен таныстық. Бізде осындай көрмелер болмаса, біз бұрынғы ата-бабаларымыздың қалай өмір сүргенін, олардың тұрмыс-салтын ұмытып кетеміз. Егер біз оны ұмытып кететін болсақ, қазақилықты да ұмытып кетеміз деген сөз.