Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданындағы балалар музыка мектебіне жергілікті кәсіпкер қайырымдылық жасады - Kazakh TV

Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданындағы балалар музыка мектебіне жергілікті кәсіпкер қайырымдылық жасады. Ол өнер ордасына 50 домбыра сыйға тартты. Қазақтың қара домбырасын насихаттау аймақта мықтап қолға алыныпты. 1986 жылы ашылған домбыра сыныбында бүгінде жүзден аса жеткіншек білім алып жүр. Олардың қатары жыл сайын толыға түсуде.

НҰРСҰЛТАН ДАРХАНОВ, КӘСІПКЕР:

 - Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы бойынша жас балаларға өзіміздің тарихымызды, мәдениетімізді білу үшін домбыра көмектеседі деп ойлаймын. Осы балалар жақсы өседі деп ойлаймын.

ӘСЕЛ ИМАШЕВА, АҚСАЙ ҚАЛАЛЫҚ БАЛАЛАР САЗ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз үшін үлкен қуаныш, үлкен мәртебе. Себебі мектебімізде небары 18 домбыра болған. Ол әрине аз. Себебі мектепте оркестр бар, домбырашылар ансамблі бар.

Аймақта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген мәдени шаралар жүзеге асып жатыр. Жергілікті билік әсіресе, мектеп аудиториясына көп көңіл бөлуде. Балалардың дәстүрлі қазақ музыкасына, күй, айтыс, жыр-термелерге ерте жастан қанып өсуі рухани кемел әрі өнерлі ұрпақтың қалыптасуына ықпал етеді дейді мамандар.

САЛТАНАТ ТҰМАНБАЕВА, «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» ӨҢІРЛІК ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕСІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Кейбір аудандарда қоңыраудың орнына күйді ойнатып жатыр. Бұл басқа аймақтарға үлгі болар нәрсе. Қазіргі таңда факультативтерде домбыра сабақтарын енгізу жоспарланып отыр. Білім басқармасы осы бағытта өздерінің ұсыныстарын енгізіп жатыр. Домбыра сабақтарына балалардың қызығушылығын ояту мақсатында.

Мамырда облыс көлемінде «Құрманғазы күйлері» сайысын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Шараға 7 мыңға жуық өнерпаз қатысып, олар атақты күйшінің шығармаларын бірге орындамақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер