Жамбыл облысында жалпы құны 2,7 млрд теңге болатын 101 жоба бастау алады - Kazakh TV

Жамбыл облысында ерте көктемнен бастап жалпы құны 2,7 млрд теңге болатын 101 жоба бастау алады. Оның 50-ге жуығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылмақ. Жоспарланған қаржының жартысы меценаттардың есебінен беріледі.

ЛЕЙЛА ҮСЕНБАЕВА, «АТАМЕКЕН» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ:

 - 2,4 миллиард меценаттар мен кәсіпкерлердің арқасында әлеуметтік салаға жұмсалу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда Тараз қаласындағы спорттық кешен соғылуда. Бүгінде 60 пайызы бітіп қалған. Күн жылығаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады. Бұл жоба меценаттың қаражатына соғылып жатыр. Құрылыс аяқталғаннан кейін халық игілігіне беріледі.

Облыстағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жобалардың 15-і Жуалы ауданында жүзеге асырылады. Бағдарламаны жергілікті тұрғындар қуана қолдады, әсіресе, ауыл ақсақалдары белсенді. Олар Бауыржан Момышұлы туып-өскен үйді туристік нысанға айналдыруды ұсыныпты. Жобаның жалпы нобайы мен қаржы көзі дайын.

АМАНЖОЛ ДҮРӘЛІҰЛЫ, АУЫЛ АҚСАҚАЛЫ:

 - Мың метр жолдың үстінен. Мың-ақ метр. Ал енді біз мынадай жобаны сыздық. Осы қазір қоршалады. Мына жерге үлкен бөгет болатын құрылыс соғылып, су ортасына дейін көтерілуі керек. Екі гектарды биыл құрамыз. Оны қоршаймыз. Оған кемі 4,5 миллион ақша бөлді.

Жуалы өлкесіндегі Өлкетану музейінің ашылуына да дайындық қарқынды. Бұл өңірдегі игі бастамаға тұрғындар ерекше атсалысып жатыр. Олар өздері жинап, сақтаған көне жәдігерлерді шетінен өткізе бастапты. Қазірдің өзінде жиналған бұйымдардың саны мыңға жеткен. 

МАРАТ НАРЫМБЕКОВ, ЖУАЛЫ АУДАНДЫҚ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Жоспарлау барысында аудан тұрғындарының пікірлері және үкіметтік емес ұйымдардың ой пікірлері осыған қосылды. Енді осы жобаларды жүзеге асыру үшін қазіргі таңда аудандық бюджеттен 58 миллион теңге қаржы қаралып отыр.

Бұл жобалардың барлығы қоғамдық сананы жаңғыртуға, халықтың мәдени-рухани сұранысын қанағаттандырып, олардың бос уақытын тиімді пайдалануға бағытталған.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер