Алматы облысында дәстүрлі бүркітшілер сайысы өтті

Бүркіт салу– бекзат өнер. Бұл күндері бүркітшілер сайысы дәстүрлі түрде өткізіліп жүр. Еліміздің әр аймағынан келген құсбегілер биыл Алматы облысындағы ипподромда шоғырланыпты. «Рухани жаңғыру» жобасы аясында ұйымдастырылған республикалық турнирге 51 құсбегі қатысты. Сайыста сирек өнер: аңға қаршыға мен ителгі салу да ұйымдастырылды. 12 жастағы баладан бастап 70 жастағы қарияға дейін қатысқан ұлттық жарыс үш кезеңнен тұрды. Алдымен  құсты ат үстінен қолға шақыру, шырға тарту сияқты құсбегілер мен бүркіттердің керемет өнері сынға түсті. Ал жарыстың екінші кезеңінде қаршыға мен ителгілер қолға шақырылып, көгершінге, қоянға жіберілді. Шешуші кезеңде қыран мен құсбегіге еркіндік беріліп, құсты қоянға, түлкіге салды. Бүгінде республикамызда 100-ге жуық құсбегі бар. Олардың басын біріктіретін «Қыран» Федерациясы жұмыс істейді. Саятшылық өнерді алыс-жақын елдерге танытып жүрген ұйым, енді еліміздің әр аймағынан бүркіт баптаудың қыр-сырын үйрететін «Саят» құсбегілер бөлімін ашпақ.