Түркі тілдеріне кирилиицаға қарағанда латын әліпбиі лайықтырақ. Еліміздің латын қарпіне көшуін Өзбекстандағы қазақ мектептерінің ұстаздары қуана қолдайды. Қандастарымыз жырақта жүрсе де қазақ тілінде оқып, 42 таңбалы кириллицамен білім алады. Алайда мектепті аяқтаған соң, ЖОО-на түсуге бірқатар қиындықтар туады. Енді латын әліпбиіне көшу бұл мәселені жеңілдете түсетін болды дейді ұстаздар.

НАСИБА ЖАҚЫПОВА, МҰҒАЛІМ:

 - 2-ші сыныптан бастап Өзбек тілін өтеміз. Өзбек алфавитін балалар жақсы меңгеріп алған. Теледидардан көреді, кітаптан оқиды, барлық жақта латын әліпбиі болған соң жақсы меңгерген. Егер біздің қазақ тіліміз де латын алфавиті болса балаларға өте қолайлы болар еді.

Ұлсара Алмағанбетова №396 жалпы орта мектепте 1978 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Ардагер ұстаз зейнеткерлікке шықса да қазақ балаларына туған тілдің қадір-қасиетін ерте жастан ұқтырып жүр.

ҰЛСАРА АЛМАҒАНБЕТОВА, ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

 - Өзбекстанда отырсақ та оқушыларды қазақ тілінде жақсы сөйлетуге әрекет жасаймыз. Өзге тілдің бәрін біл мейлі ағылшын, мейлі өзбек тілін біл, бірақ өз тіліңді әр уақытта ұмытпауың керек деп көп сыныптарда айтып жүрем.

Айта кетейік, өзбек елінде білім саласы халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп жатыр. Ел Президенті жыл басында «Жалпы орта, арнайы және кәсіптік білім беру жүйесін заман талабына сәйкестендіру мен техникалық базасын нығайту» жөніндегі жарлыққа қол қойды. Енді биылдан бастап мектептер 11 жылдық білім жүйесіне көшті. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер