Ши Чжунсяо, қытайлық лингвист: Латын қарпіне көшу – заман талабы - Kazakh TV

Латын қарпіне көшу – заман талабы. Бейжіңдегі Ұлттар істері жөніндегі мемлекеттік басқарма жанындағы аударма бюросында ұзақ жылдар еңбек еткен Ши Чжунсяо Қазақстанның тіл реформасын қолдайды. Лингвист қазақ тілі мәселесін көтеріп «Жібек жолының жаңа көкжиегі» журналына арнайы мақала жазған. Басылымда автор Қазақстандағы бұл өзгеріс заманауи-техникалық жаңалықтарға тез бейімделуге ықпал етеді,- дейді. Ши Чжуансяо қазақ тіліндегі аудармашы қызметімен 1962 жылдан бері айналысып келеді. Ол «Қазақ әліпбиі транслитерациясының ережелері», «Қазақ халық әндерінің өлең құрылысына қысқаша талдау және олардың жолма-жол аударылуы», т.б. көптеген ғылыми еңбектерді жазды. Қазақтың тілінде еркін сөйлеп, мәдениетін жетік білетін азамат Шыңжаңдағы қазақтарды да латын қарпін қолдануға шақырды.  

ШИ ЧЖУНСЯО, ЛИНГВИСТ:

 - Кириллица орыс тілінің орфографиялық ерекшеліктеріне ыңғайлы болғанымен, қазақ тілінің ерекшелігіне сай емес. Сондықтан қазақша дыбыстар кирилл қарпіне икемделуге мәжбүр. Ал, ондағы кей дыбыстар мүлде қажетсіз. Латын әліпбиі әлемде ең кең таралған, жазу пішіні ретті, дыбыс көлемі көп жазу үлгісіне жатады. Сондықтан ол қазақ тілінің мүмкіндігін аша түсер еді. Мен осыған байланысты мақалалар жарияладым, сол жерде нақты мысалдар келтіріп, қателіктерді көрсеттім.

Келер жылы ғасырлық мерейтойын атап өтетін «Егемен Қазақстан» республикалық басылымы біртіндеп латын қарпіне көшуге кірісті. Алғашқы саны 1919 жылы «Ұшқын» атауымен жарық көріп, талай Алаш арыстарының туындыларын басқан басылымға жыл сайын сұраныс артып жатыр. Бүгінде газет республиканың түкпір-түкпіріне 204 мыңнан аса тиражбен тарайды. Мерзімдік басылымның заман талабына сай мобильді қосымшалары жетілдіріліп, ресми сайт интерфейсі жаңартылды. Енді барлық нөмірін электронды форматқа көшіріп, таңдаулы мақалалардың 10 томдық жинағы әзірленбек. Бүгінде әлемге танымал басылымдармен келіссөздер жүргізіліп, олардың халықаралық материалдары қазақшаға аударылады. Ал биыл наурыз айынан бастап газеттің ресми атауы жаңаша дизайнда және латын қарпімен шығады.

ДАРХАН ҚЫДЫРӘЛІ, «ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН» РГ» АҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - «Егемен Қазақстан» деген атауы ғана жазылады әзірше. Біз былтыр тәжірибе жасадық. Мына бір бұрышына оқырмандарымыз қалай қабылдайды деп, латын әліпбиімен бере бастадық. Ал енді қазір, ол тәжірибені тоқтаттық, себебі ұлттық комиссияның шешімін күтіп отырмыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер