Биыл Тамғалы, Ұлытау, Отырар тарихи мекендерінде туристік визит-орталығы ашылады

Биыл Қазақстандағы Тамғалы, Ұлытау, Отырар тарихи мекендерінде тұңғыш рет туристік визит-орталықтары ашылады. Еске сала кетейік, аталмыш нысандар республиканың киелі жерлерінің картасына енген. Сонымен қатар, өңірлерде тарихи-мәдени ескерткіштердің тізімін әзірлеу бойынша жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Павлодарда өткен мамандандырылған көрмеде аймақтың киелі жерлері ұсынылды.

ГҮЛНӘР НҰРАХМЕТОВА, Г. ПОТАНИН АТЫНДАҒЫ ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз «Тамыры терең туған жер» деген жобаны әзірледік. Оған Ертіс өңірінің қасиетті жерлері енгізілді. Әрине, археологиялық жұмыстар мен этнографиялық экспедициялар әлі де жүргізіледі. Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жобаның басы ғана.

Республикалық сакралды картаға Павлодар облысынан 5 нысан кірсе, 36 тарихи мекен аймақтық киелі мекендер картасына еніпті. Назар аударатын жерлер – ортағасырлық бекініс «Ақкөл Жайылма», қазақ хандары орналасқан жер мен ұлы ағартушы Исабек Ишан кесенесі. Тұрғындардың айтуынша, тарихи ескерткіштердің насихатталуы туристердің көптеп келуіне сеп болады.     

ЖҰМАҒАЛИ СЕЙТЕНОВ, ФОТОГРАФ:

 - Ғасырлар бойы сақталып, біздің күнімізге дейін жектен көне ескерткіштер мен тарихи нысандарды қорғау әрбір азаматтың басты міндетіне айналса игі. 

Ал Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының мамандары қазба жұмыстарының нәтижесін топтастырып, кітап етіп басып шығарды. Жинаққа тас ғасырынан орта ғасырға тән артефактілер енген. Онда авторлар аймақта үш есе көп жерленген құлпытастарға ерекше назар аударыпты. Айта кетейік, үш тілде жарық көрген «Батыс Қазақстанның ерте көшпелілері» кітабы еуропалық тарихшылардың қызығушылығын оятты. Мамандардың айтуынша, облыстың археологиялық картасының түзілуінің де тарихи маңыздылығы жоғары.   

МҰРАТ СДЫҚОВ, БҚО ТАРИХ ЖӘНЕ АРХЕОЛЛГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бұл кітапқа біздің облыстың аумағында орналасқан 1963 ескерткіш енгізілді. Яғни, өңіріміздегі барлық ескерткіштер анықталып тіркелді деп айтуға да болады. Еліміз бойынша бірінші боп осындай ауқымды жұмысты атқарып шықтық.

Ал Ақмола облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде 19 бірегей жоба жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ 11 музей ашылды. Ал жуырда Елімізде алғаш рет әлемдегі бесінші орнитологиялық орталық өз жұмысын бастайды. Ол құстың 80-ге жуық түрі ұя салатын Қорғалжын қорығында орналасады. Енді балалардың орнитолог ғалымдармен бірігіп ғылыми жобаларға қатысу мүмкіндігі болады.