Әзербайжан түркологтары қазақ әліпбиінің латынға көшу бастамасын құптайды

Қазақтың төл әліпбиінің латынға көшуі – түбі бір тарихы ортақ халықтармен жақындастыра түсетін маңызды факторлардың бірі болмақ. Жалпы түркі мәдениетімен бірлесе отырып гуманитарлық ғылыми-зерттеулерді жаңа сатыға көтеруге мүмкіндіктеріміз арта түседі. Бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастық пен мәдени ұқсастық нығаяды. Әзербайжан түркологтары «қазақ әліпбиінің латынға көшуі әлемдік жедел қарым-қатынас орнатуға әсер етеді» деген пікірді алға тартады.

НИЗАМИ ДЖАФАРОВ, ПРОФЕССОР, ПАРЛАМЕНТ ДЕПУТАТЫ: 

 - Әліпбидің латынға көшуі – мәдени үдеріс. Сондықтан, қазақ тілінің латынға көшуін жалпы түркі мәдениетінің жаңа кезеңінің бастауы деп айтуға болады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімі тарихи шешім болды. Қазір латынға көшу басталып кетті, бірақ әлі оны жетілдіру керек. Әзірбайжан тілі ол соқпақтан өтіп кетті.

Латын қарпін қабылдау – қазақ тілі дүниежізінің әдебиетімен, мәдениетімен тезірек жымдасып кетуі үшін қажет. Әзербайжан халқы жазудың жаңа нұсқасына ауысуды 1991 жылы Парламент шешімімен қолға алып, бірден латынға көшті де техника тілін үйреніп алды. Ал қазақтың әліпбиі латынға 10-15 жылда біртіндеп өтсе де, көштен кеш қалмайды. Түркі халықтарымен ортақ жазуымыз бен мәдениетіміз қалыптасар еді.

МОХСУН НАГИСОЙЛУ, ТІЛ БІЛІМІ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазіргі таңда түркітілдес елдердің бірігуі аса маңызды. Бұл экономикалық, мәдени, және тіл салаларына қатысты. Қазақстанда ортақ жобаларды жүзеге асырып жүрген Халықаралық түркі академиясы жұмыс істейді. Орта мектептер үшін жалпы түркі тарихы, географиясы мен әдебиеті бойынша оқулықтар дайындап жатырмыз. Болашақта жалпы түркілік грамматика дайындауды жоспарлап отырмыз. Осы тұрғыдан қарағанда, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі аса маңызды. Түркітілдес елдер ішінде Қазақстанның орны ерекше. Сондықтан бұл үдеріс оны өзге де түркі тілдес халықтармен жақындастыра түседі.