Қазақстанның қасиетті орындарының тізімі жинақталған кітап жарық көрді - Kazakh TV

Қазақстанның жалпыұлттық, өңірлік қасиетті орындарының тізімі мен тарихы жинақтарға топтастырылды. Енді кез келген қазақстандық еліміздің батысы мен шығысындағы, оңтүстігі мен солтүстігіндегі қасиетті жерлердің тарихын қос жинақтан біле алады. «Қазақстанның жалпыұлттық нысандары» атты басылым үш тілде мың данамен шықты. Оған 185 киелі мекеннің арғы-бергі тарихы кірді. Олар  ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері, археологиялық, ортағысырлық қала орталықтары, діни және ғибадат орындары, тұлғалар мен саяси, тарихи оқиғаларға қатысты бес топқа жіктелді. Ал «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» кітабы қазақ және орыс тілінде, мың данамен жарыққа шықты. Бұл тізімге 500-ге жуық нысан енгізілген.  

БЕРІК ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, "ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚСТАН" ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Жалпыұлттық және өңірлік қасиетті жерлер, олардың  аңыздары - ең маңызды ақпарат. Ғалымдардың ақпаратына елдің арасында бұрыннан бері бар киелі жерлер, сонымен қатар әлеуметтік саяси маңызы бар нысандар кірген. Соны негізге ала отырып, тізімге алғаннан кейін насихаттау, туризмді дамыту, аймақтарда тарату мәселесі биылдан бастап кеңінен таратылады.

Айта кетейік, бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздің түкпір-түкпіріндегі көптеген тарихи нысандарда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ақпаннан бастап еліміздегі барлық киелі жерлердің интерактивті картасын іске қосу жоспарланды. Бұдан бөлек, әрбір облыстағы киелі жерлердің тарихын таныстырып, оған бағыт-бағдар көрсететін 3Д тур жүйесі де қолға алынды. Ал биыл Ұлытау, Таңбалы тас және Отырар деп аталатын үш киелі орталықтың құрылысы басталады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер