Созақ ауданындағы Ысқақ баб кесенесі Қазақстанның 100 киелі орнының тізіміне енді

«Қасиетті Қазақстан» жобасына іріктелініп алынған 100 тарихи орын тізіміне еліміздің оңтүстік өңірінен 23 нысан енді. Жалпы аймақтан 104 аймақ ұсынылған болатын. Қалған 81 тарихи-мәдени ескерткіштер жергілікті маңызы бар қасиетті, киелі жерлердің санатына енгізілді. Тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енген Ысқақ баб кесенесі Созақ ауданындағы Бабата ауылында орналасқан. Үш бөлікті кесене 2003 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қалпына келтіріліп, іргесіндегі 400 балаға арналған медресе жөнделді. VIII ғасырда салынған нысанның маңында бірнеше қазба жұмыстары жүргізілген. 

САДЫҚ ӘБДІРАШҰЛЫ, БАБАТА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Тура осы жердегі қаладан табылған құмыралардың сынықтары, түрлі экспонаттар, табылған құрал-саймандар, тастан жасалған тас дәуіріндегі, одан кейінгі темір дәуіріндегі темірден жасалған заттар – барлық экспонаттар бізде тұр.

Тарихтан сыр беретін жәдігерлердің бірсыпырасы облысқа жіберіліпті. Қазір жергілікті билік музей ашып, табылған жәдігерлерді көптің назарына ұсынуды жоспарлап отыр.