Еліміздің мәдениеті, тарихы мен дәстүрі Кувейтте насихатталды. Ел астанасында Қазақстанның мәдени күндері аталып өтті. Жиында Қазақстан тарихын кеңінен таныстыратын бейне роликтер көрсетіліп, мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз насихатталды. Елбасының араб тілінде аударылған кітаптары ұсынылып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған игі бастамалары баяндалды. Аталмыш шара еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі мен Халықаралық әйелдер тобы ұйымының ұйытқы болуымен өткен еді. Осы орайда халықаралық әйелдер тобы ұйымының Кувейт еліндегі кеңесшісі Наргис Хусейн Әл-Шати қос елдің саясаткерлері, іскер топ өкілдері мен қоғам белсенділерінің етене араласып, екіжақты байланысты бекемдей түсуі үшін мұндай мәдени іс-шаралардың маңызы өте зор екенін атап өтті.

НАРГИС ХУСЕЙН ӘЛ-ШАТИ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР ТОБЫ ҰЙЫМЫНЫҢ КУВЕЙТ ЕЛІНДЕГІ КЕҢЕСШІСІ:

 - Біз Қазақстанның іскер әйелдерімен тығыз байланыс орнатқанбыз. Былтыр біздің делегация сіздердің елде болып, саясат, білім саласы және кәсіпкерлікте жетістікке жеткен нәзік жандармен кездесу өткізді. Қазақстанның дамуына әйел қауымының да белсенді үлес қосып жатқанын өз көзімізбен көріп, тамсанып қайттық. Бұл бағытта ынтымақтастығымызды арттырғымыз келеді. Бүгінгі шара арамыздағы қарым-қатынасты тереңдете түседі деп үміттенемін.

Қазақстан мен Кувейт ұлттық кітапханасы арасында  да әріптестік нығая түспек. Қазақстан ұлттық кітапханасының қорында 30 мыңнан аса сирек қолжазба сақталған. Оның мыңға жуығы араб тілінде. Осыны негізге ала отырып Кувейт ұлттық кітапханасының директоры Камел Әл Абдул Жалил ел астанасы Әл-Кувейтте құнды жазбалар көрмесін өткізуді ұсынды. Бұл қазақ мәдениетін жергілікті халыққа таныстыруда таптырмас мүмкіндік болады. Бүгінде екі ел арасындағы кітапхана саласында өзара тәжірибе алмасып, әріптестік байланыс орнап жатыр. Қос тарап ғылыми экспедициялар ұйымдастырып, сирек қолжазбаларға реставрация жасап, оларды сандық форматқа көшіру бойынша ортақ жобалар әзірлемекші. Қазақстан ұлттық кітапханасының директоры Жанат Сейдуманов Кувейттің танымал кітапханасында келешекте қазақ әдебиеті бұрышын ашуды ұсынды.

КАМЕЛ ӘЛ АБДУЛ ЖАЛИЛ, КУВЕЙТ ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біздің кітапхананың құрылғанына 79 жыл толды. Қазіргі таңда біздің қорда жарты миллионға жуық кітабымыз бар.  Сирек кездесетін қолжазбаларымыз да қаз-қалпы сақталған.  Құнды жазбаларды Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдерінен тірнектеп жинадық. Қазақтанның ұлттық кітапханасының өзіндік тарихы бар. 7 млн-ға жуық кітабы мен сирек қолжазбалары да өте мол екен. Біз ұлттық кітапханада сақталған сол қолжазбалардың құндылықтарын анықтау үшін кәсіби мамандарымызды жіберіп, сіздермен тәжірибелерімізді бөлісуге әзірміз. Тіпті қолжазбаларымызбен бөлісуге де дайынбыз.   

ЖАНАТ СЕЙДУМАНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз кітапхана ісіндегі әлемдік тәжірибені мұқият зерттейміз.  Бірнеше жыл бұрын Кувейт ұлттық кітапханасы салынды. Біз мұнда қолданылатын жаңа технологияларды үйренуге тырысамыз. Осы орайда екі ел кітапханасы арасында серіктестік нығайып, түрлі келісімдер жасалып жатыр. Олардың оқырмандармен жұмыс істеу тәжірибесін де меңгергіміз келеді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер