Кувейтте өткен 24-ші Халықаралық Мәдениет фестивалі дүниежүзіндегі танымал әртістердің басын қосты. Ауқымды шараға еліміздің атынан «Астана Опера» театры алғаш рет қатысты. Шығармашылық ұжымның дебюттік жұмысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтті. 

АЛМАС ӘБІДРАМАНОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ КУВЕЙТ МЕМЛЕКЕТІНДЕГІ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мәдени құндылықтарымызды кеңінен насихаттап жатырмыз. Кувейттердің өнерге құрметі ерекше. Мұнда әлемге танымал түрлі өнер ұжымдары келіп өнер көрсетеді. Жақында жаңа опера театры ашылды. Біздің өнерпаздар да сол театр сахнасына көтерілетін күн алыс емес деп ойлаймын. 

ӘЛ-МУХАНДИС ӘЛИ ӘЛ-ЮХА, КУВЕЙТТІҢ МӘДЕНИЕТ, ӨНЕР ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТ ҰЛТТЫҚ КЕҢЕСІНІҢ БАС ХАТШЫСЫ:

 - «Астана Опера» театры Кувейт жеріне концерттік бағдарламамен келіп, өнерсүйер қауымға керемет көңіл-күй сыйлады. Сол үшін өз ризашылығымды білдіремін. Халықты мәдениеті, өнері мен әдебиеті арқылы тануға болады. Бүгінгі кеште сіздердің мәдени құндылықтарыңыздың бір парасын көріп, ерекше тамсанғанымызды жасырмаймын. Болашақта Кувейт пен Қазақстанның ынтымақтастығын күшейтетін осындай екіжақты іс-шаралар жиі өткізіліп тұруы тиіс.

Қазақстандық өнерпаздар Кувейт мәдениетінің ордасына айналған Абдулхусейн Абдулрида атындағы театрда өнер көрсетті. Концертте қазақтың пен әлемнің үздік классикалық музыкалары орындалды. Оның ішінде  Антонио Вивальдидің «Жылдың төрт мезгілі» мен  Астор Пьяцолланың «Буэнос-айрестегі жылдың төрт мезгілі»  шығармалары, Абайдың әндері мен Құрманғазының күйлері және Нұрғиса Тілендиевтің туындылары бар.

МАЙРА МҰХАМЕДҚЫЗЫ, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ СОЛИСТІ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН АРТИСІ:

 - Әлемде музыканың тілі бір. Жүректен шыққан музыка міндетті түрде жүрекке барады. Сондықтан айтады ғой «аспан мен аспанды, адам мен адамды біріктіретін - музыка» деп. Сондықтан музыкада тіл жоқ, шекара жоқ. Сондықтан бүгін отырған қаншама араб, шеттің азаматтары біздің музыкамызды, біздің классикамызды өте ұйып тыңдап отыр. Бұл бізге деген құрмет, музыкаға деген құрмет. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер