Еліміздегі қасиетті көне мекендерінің тізімі жасалды

Еліміздегі қасиетті көне мекендерінің тізімі жасалды. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының аясында оған мемлекеттік тарихи маңызы бар 185 жер, өңірлік 500 орын еніп отыр. Бұл Елбасының рухани жаңғыру – болашаққа бағдар мақаласының шеңберінде қолға алынған бастаманың әзірге тек жарты жылдық жұмысының қорытындысы.

БЕРІК ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, «ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚСТАН» ӨЛКЕТАНУДЫ ДАМЫТУ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Алғашқы жобасы жасалды. Бұл әлі талқыланады. Қазір біз мақұлдадық жобаны, ендігі мақсат оны тағы да талқылап, болашақта бекіту.  Арнайы заңға өзгеріс енгізгіміз келіп отыр. Қасиетті жерлер деген пункт кіргізіп, тарихи ескерткіштерді қорғау заңына, сол арқылы мемлекеттік реестерге ресми түрде бекітіледі, арнайы статус беріледі.

Игі шараның аясында, "Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары" кітабы мен "Қасиетті Қазақстан" энциклопедиясы басылып шығарылған. Тарихи танымдық еңбектерде еліміздің әр өңірі мен ауылды жерлерінде жүргізілген экспедициялардың нәтижесі егжей-тегжейлі жазылған.

ЖАМБЫЛ АРТЫҚБАЕВ, ТАРИХШЫ:

 - Осы Ақмола облысында бірталай экспедициялық жұмыстар жүргіздік. Соның ішінде топонимиясы, тарихы,этнографиясы, мәдениеті аз зерттелген әсіресе мына Шортанды, Аршалы сияқты аудандарда жұмыс жүргіздік. Көптеген ескерткіштер Ақмола ауданының өзіненде табылып жатыр.  

Бұл - көп істің бірі ғана. Тарихшылар болса жобаның жүктеген міндеті бұнымен біткен жоқ дейді. Керісінше, жұмыс енді қызғалы тұр. Себебі талай қазыналы жәдігер әлі  жарыққа шықпаған. Табылғандарының өзінің бүгулі сыры көп. 

АЙБОЛАТ ҚҰРЫМБАЕВ, ТАРИХШЫ:

 - Болашақтағы жоспарымыз шекаралас БҚО мен ресей шекарасында жатқан құлпытастарды зерттеп, онда көптеген мәліметтерді жинау, қазіргі уақытта қолымыздағы мәліметтер бойынша 17 ғасырда Еділ Жайық арасында болған Барақ батырдың құлпытасы бар.Сонымен бірге Ресейдің аумағында қалған Атан ханым Бөкей ханның жары сынды басқада құлпытастар жаңалықтар ашады деген ойдамыз.

Жобаның енді бір жемісі! Заманына қарай амалы демекші, бұдан былай Қазақстанның киелі жерлеріне үйден шықпай-ақ сапар шегудің мүмкіндігі туып отыр. Отандық мамандар 3D форматында жалпыұлттық маңызы бар нысандар бойынша көпфункционалды виртуалды карта жасауды қолға алды. Соның арқасында енді еліміздің кез-келген тарихи нүктесі жайында қашықтықтан ғаламтор арқылы толыққанды ақпарат алуға болады.

НҰРБОЛАТ АХМЕТЖАНОВ, «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕМЛЕКЕТТІК ТАРИХИ-МӘДЕНИ ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біздің қорық музейлеріміз қазіргі таңда жаңа технологияларды өзінің жұмысына ендіріп жатыр. Мысалы виртуалды тур жасалып жатыр. Ол біздің қорық музейлерінің барлығында бар десек болады. Сол сияқты штрих кодтармен келген қонақтарға үш тілде еңгізіледі.

Рухани жаңғыру бағдарламасының аясында төл шежіремізді өзімізден бөлек  басқаға танытудың өзгеде жолдары қарастырылып қойылыпты.  Қазақ даласының киелі жерлерін әлемдік деңгейде насихаттау қамында тарихи фильмдер топтамасы түсірілген. Олар "BBC World News", "Discovery", "Viasat history", "National Geographic" телеарналарынан көрсетілмек.