Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған «Ғасырлар даналығы–бабалар мұрасында» атты жинақ таныстырылды

Ел өңірлерінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында түрлі жобалар қолға алынуда. Мысалы, Қарағандыда «Ғасырлар даналығы–бабалар мұрасында» атты жинақ құрастырылды. 3 тілде жарық көрген басылымға төрт тақырыпты қамтыған 500 сурет енді. Кітаптан тарихи тұлғалар, киелі орындар, табылған құнды жәдігерлер және өңірдің әсем табиғаты жайлы мол мағлұмат алуға болады. Авторлары көп ізденіп, мұрағат құжаттарын ақтарыпты. Фотоальбомнан Алаш ардақтылары жазған «Қарқаралы петициясын», Абылай ханның 1777 жылы Батыс Сібір губернаторы генерал-майор Антон Даниловичке жазған хатын, «Қытай-Қазақстан» қарым-қатынасына байланысты Цин дәуіріндегі мұрағат құжаттарын, Қазыбек бидің Орынбор өлкесінің сол кездегі билеушісі Иван Неплюевке жазған екі хатын көруге болады. Басылым Қазыбек бидің 350 жылдығына арнап басып шығарылды.

ЕРСІН МҰСАБЕКОВ, «ОРТАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІ РЕДАКТОРЫНЫҢ БІРІШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бұл фотоальбомды құрастыру жұмыс тобында болдым өзім. Енді бұл фотоальбомды бабамыздың 350 жылдық мерейтойына арнап шығарғанымызбен, біз мұнда редакциялық алқа бірыңғай қазыналы Қарағанды өңірінің тарихы, мұндағы тарихи жәдігерлер, мұндағы тарихи тұлғалар өмірін қамту, әсем табиғатын қамту, осы мақсатта үлкен ізденістер атқарылды. Жемісті еңбек жасадық деп ойлаймын редакциялық алқа.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Көне жетігеннің сыры» атты көпсериялы тарихи-танымдық кинохикая түсірілді. Басты мақсат – өңірдің Түркістан, Арыстан баб, Отырар, Сауран, Сайрам секілді көне жерлері мен Ақсу-Жабағылы, Өгем табиғи қорықтары әрі Қазығұрт тауы секілді табиғаты әсем жерлерді кеңінен насихаттау. Жалпы, өңірде «Туған жер» бағдарламасы аясында 577 жоба жүзеге асып жатыр.  

БАҚЫТЖАН ӘШІРБЕКОВ, «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - 2018 жылы біздің жоспарымызда ең негізгі бағытымыз тәрбие және білім болып тұр. Біз осы заманға сай болуы үшін 3 тілділік оқыту мәселесіне назар аударып отырмыз. Сонымен қатар ақпараттандыру технологиясы АйТи технологияны меңгеру бағытына өте назар салып отырмыз. Өйткені болашақ осылармен байланысты. Біз биылғы жылдан бастап, «Менің болашақ кәсібім» атты үлкен іс-шараны өткізбекпіз.