"Қазақ тілінің латын қарпіне көшуі Қазақстанның халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады"

Қазақ тілінің латын қарпіне көшуі халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Норвегияның екі мәрте бұрынғы Премьер-Министрі, бүгінде адам құқығы мен дінаралық келісім және әлемдегі бейбітшілік үшін күресіп жүрген саясаткер Хьель Магне Бундевик Қазақстанның рухани жаңғыру бойынша, әсіресе латын әліпбиіне көшу жоспарын қолдап-қуаттайтынын айтады.

ХЬЕЛЬ МАГНЕ БУНДЕВИК, НОРВЕГИЯНЫҢ БҰРЫНҒЫ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ /1997-2000, 2001-2005 ЖЖ./:

 - Мен Қазақстанды бұл реформамен құттықтағым келеді. Меніңше бұл адамдарға үлкен пайда әкеліп, халықаралық қауымдастықпен тезірек біте қайнасуға мүмкіндік береді. Аумалы-төкпелі заманда басқа адамдармен үнемі байланыста болу өте маңызды. Сондай-ақ әлемдік әдебиет пен бұқаралық ақпарат құралдары қолжетімді бола түседі деп ойлаймын. Және бұл латынға көшудің ең басты басымдықтарының бірі болмақ.

Латынға көшу заманауи технология тілін тез меңгеру ғана емес, түбі бір түркі халқына жақындаудың алғы шарттары болмақ. Латынға өту арқылы түркі тілдес халықтармен мәдени, рухани, ғылыми, экономикалық байланысты нығайты түсеміз, дейді мамандар.   

АМАНЖОЛ МЕЙІРМАНОВ, ФИЛОСОФИЯ, САЯСАТТАНУ ЖӘНЕ ДІНТАНУ ИНСТИТУТЫНЫҢ АҒА ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Жаһандану заманында біз тек қана сол Түркілік тұтастығымызды сақтау арқылы кейбір қайшылықтарға төтеп беруге мүмкіндігіміз бар. Бұл тек сол рухани тұтастыққа қызмет етуі керек. Әр ұлттың өзінің ерекшеліктерін ескере отырып, бірақ белгілі бір ортақ әліпбиі болуы керек. Ал,кейбір әріптер өз ерекшеліктерін сақтауы керек шығар, бірақ көбінесе негізгі дыбысталатын әріптердің ортақ болғаны дұрыс. Себебі ол жақындата түседі біздерді.