Талдықорғандағы «Жастар» саябағында «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды

Талдықорғандағы «Жастар» саябағында «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды

Талдықорғандағы «Жастар» саябағында «Рухани жаңғыру» орталығы жұмыс істеп тұр. Нысанның сырты киіз үйге ұқсас салынып, іші офистік кабинеттер мен музей залы, мәжіліс бөлмесімен жасақталған. Мұнда Қазақстан Халқы Ассамблеясы әртүрлі шаралар өткізеді. Сонымен қатар, тарихшы, филолог, басқа да сала ғалымдары бірлесіп жұмыс істеп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында түрлі тың идеяларды жүзеге асырады. Әзірге бұл орталықта 325 жоба дайын тұр.    

АЙЛИН ШЫНАСЫЛОВА, ОРТАЛЫҚТЫҢ БАС МЕНЕДЖЕРІ:

 - Оның ішінде тәрбие және білім кіші бағдарламасы бойынша 59 жоба, рухани қазына кіші бағдарламасы бойынша 39 жоба және де Атамекен кіші бағдарламасы бойынша 119 жоба жоспарланған.

Айта кетейік, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетітің студенттері аталмыш бағдарлама аясында 42 ғылыми жоба әзірлепті. Сонымен қатар, білім алушылар Алматы облысының сакралды картасын үш тілде дайындауға белсене қатысқан. Бүгінде жетісулық студенттер «Қоғамдық сананы жаңғырту» атты жаңа пән оқып жатыр. Республикамызда алғаш болып ашылған орталықта келешекте ауқымды жұмыстар атқарылатын болады. Журналистер мен танымал блогерлердің шеберлік сабақтары, Жетісу өңіріне қатысты мәдени іс-шаралар да осы жерде өткізілмек. 

Ал Қызылордада осындай орталық бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сызбасы бойынша салынып жатыр. 1925 жылы осы нысанда еліміз «Қырғыз-Қайсақ» атауынан арылып, халқымызды «қазақ» деп атау туралы шешім шыққан. Алайда бұл тарихи нысан кезінде бұзылып кетті. Дегенмен жергілікті ғалымдар оның сызбасын мұрағаттан тапты.

РУСЛАН РҮСТЕМОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - «Рухани жаңғыру» орталығының Қызылорда қаласында тарихи үлгісін жандандырудың маңызы өте зор. Өйткені өздеріңіз білесіздер сол 1925 жылы бұған дейін «қырғыз-қайсақ» болып аталып келген халқымыздың ресми атауы бекіп, осы жерде Алаштың зиялылары, ардақтылары қазақ деген өзіміздің тарихи атауымызды қайтаруға арнайы жарлықтың шығуына, қаулының шығуына септігін тигізген болатын. Мінекей, сондықтан осының барлығын ұрпақтың жадында жаңғырту бүгінгі күннің ең бір өзекті мәселесі.