Түркі әлеміндегі тұтастықты сақтап қалу үшін латын әліпбиіне көшу маңызды қадам болмақ. Түрік, қырғыз, өзбек, әзербайжан тілдерін аудармашысыз–ақ түсініп кетуге болады. Ал олардың жазуын оқу қиындық тудырары хақ. Түркілерге ортақ әліпбидің жоқтығы, халықтардың арасында өзара байланыс орнатуға кедергі келтіретіні осыдан белгілі. Ертеден келе жатқан мәдени-тарихи байланысты нығайтатын жаңа әліпбиді қабылдау, түркілік тұтастықты тереңдетеді. Қазақ әліпбиін латынға көшіру мәселесі халықтар арасында қызу талқыға түскелі қашан. Осы орайда Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің мамандары Қазақстанның латын әліпбиіне көшудегі саяси-әлеуметтік аспектілерін жан-жақты талқылап, ойларын ортаға салды. Өзбекстан осыдан 20 жыл бұрын латынға көшті. Алдымен оқулықтар шығарды, кейіннен әдебиетін аударды.   

САОДАТ МУХАМЕДОВА, ТАШКЕНТ МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ  ОҚЫТУШЫСЫ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

 - Бастапқы жылдары бізде өте көп қиындық болды. Кедергілерді ел болып еңсеріп, өзгелердің тәжірибесімен бөлісу арқылы жеңіп шықтық. Латын тіліндегі оқулықтар, методиканы, әлем әдебиетін қайта жазуға тура келді. Алда қазақстандық ғалымдармен бірлесіп оқулықтар, ортақ мақалалар жазу көтерілді. Қазақ ғалымдарының Өзбекстанға, тиісінше біздің ғалымдардың Қазақстанға барып тәжірибе алмасу жөніндегі ортақ келісімге келдік.

Төл әліпбидің латынға көшудің ұтымды жақтары көп. Бұл уақытында қолға алынған бастама. Инновациялар заманында латын қарпін қолдану қазақстандықтардың ғана емес елге келген шетелдіктердің де өмірін жеңілдетері сөзсіз, дейді сарапшылар.

РОНАЛЬД БИНКОФСКИ, MICROSOFT КОМПАНИЯСЫНЫҢ ТМД АЙМАҒЫНДАҒЫ КЕҢСЕСІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Латынға көшу халықаралық қауымдастыққа көмектеседі. Бұл бастама әлбетте Қазақстанға шетелден келгендердің өмірін жеңілдетеді. Меніңше, бұл болашаққа бастаған оңды қадам. Әсіресе Қазақстанды әлемге танытып, халықаралық аренаны бағындыруға ұмтылған жаңа буын өкілдерін тәрбиелеп отырған ел үшін. Жаңғырту тұрғысында алып қарар болсақ, мұның маңызы еселене түспек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер