2017 - Қазақстанның мәдениеті мен рухани дамуы тұрғысынан табысқа толы жыл болды. Бұл ретте елбасының биылдан бастап жүзеге асып жатқан  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы төл мәдениетімізді төрткүл дүниеге таныту жолында жаңа серпін бергені сөзсіз. Ұлттың ұлы қазынасын түгендеп, қолда бар байлығын насихаттау жолында латын қарпіне көшу туралы тарихи шешімді қабылдаудан бастап арыстарымыздың еңбектерін ұлықтауға дейінгі қыруар шаруа атқарылды.

НҰСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Биыл ел болып Алашорданың 100 жылдығын атап өттік. Қазақ әліпбиінің латын графикасына өтуі жөніндегі аса маңызды шешім қабылдадық. Латын қарпіне көшудің терең тарихи қисыны бар. Бұл – ата-баба арманының орындалуы ғана емес, келер ұрпақты болашаққа бастайтын жол, әрі ата-бабалардың орындалған арманы. Ал экономикалық саяси жаңғырудан кейін қолға алынған рухани жаңғыру Мәңгі, мызғымас тәуелсіздіктің тұғыры. 

Қазақ өнері мен салт-дәстүрін төрткүл дүниеге насихаттаудың көкжиегі кеңейіп келеді. Мәселен, ұлттық асық ойынын енді жер-жаһан тани бастайды. Үстіміздегі жылы ұлттық ойынымыз ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енді.

ХАНЗАДА ЕСЕНОВА, ҚР РУХАНИ МӘДЕНИ МҰРАНЫ ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

 - ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұраны қорғау Конвенциясының талаптарын орындау бізге үлкен жауапкершілік артады. Өйткені алда атқарылатын жұмыстар жетерлік. Осы элементті елімізде және шетелде насихаттау үшін бірнеше жобалар мен ауқымды шараларды өткізетін боламыз.

Көне Түркістан шаһары түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы болып жариялануы да  елеулі оқиға. Осылайша киелі мекен -  елордамыз Астана мен Түркияның Ескишехир, Түркменстанның Марысымен Әзербайжанның Шеки қаласынан кейін, мұндай мәртебеге лайық деп танылған 5-ші қала атанды. Бұл шешім  ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының алқалы жиынында бірауыздан қабылданған.

КЕМАЛ ЧЕЛИК, ТҮРКИЯ ҰЛЫ ҰЛТТЫҚ МӘЖІЛІСІНІҢ ЭКС-ДЕПУТАТЫ:

 - Түркістанды білмейтін түрік кем де кем. Өйткені біз Қазақстанды атажұртымыз, ал Түркістан қаласын барлық түркі халықтарының мәдени және рухани орталығы ретінде ерекше қастерлейміз. Тарихи шаһарды ТҮРКСОЙ түркі әлемінің мәдени астанасы деп жариялады. Бұл жаңалыққа шын жүрегіммен қуанғанымды жасырмаймын. Себебі мұндай мәртебеге ол әбден лайық.

Қазақстан биыл да халықаралық мәдени шаралардың бірегей  алаңына айналды.  Солардың бірі елордада «Экспо» халықаралық көрмесі шеңберінде дүркіреп өткен Пласидо Домингоның «Опералия» байқауы болды. Сондай-ақ, биыл 70-інші рет шымылдығын түрген Канн кинофестивалінде отандық киноөндіріс тарихында алғаш рет Қазақстанның ұлттық павильоны ашылды. Қырықтан астам мемлекет шатыр тіккен алаң отандық жаңа фильмдер және жобаларды дамыту мақсатындағы кәсіби кездесулер мен келіссөздерге жол ашты. Осылайша, 2017 жыл жер жүзіне мәдениет саласындағы жетістіктерімізді насихаттау тұрғысынан шешуші жыл болды. Алдағы бес – жеті жылда  толық жүзеге асырылуы  жоспарланған шаралардың бір парасы келесі жылдан бастап іске қосылады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер