Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымы Жапония төрінде өнер көрсетті. Сахна шеберлері шетелдік көрермен назарына «Ақтастағы Ахико» спектаклін ұсынды. Қойылымға арқау болған оқиға – Ахико Тецуроның тағдыры. Кеңес Одағы мен Жапония арасындағы соғыс кезінде тұтқынға түскен жапондық қазақ даласындағы Карлаг түрмесінде отырып, азапты жылдарын өткізеді.

«Карлагқа» жалпы 15 мыңнан аса жапондық қамалған. Бірі тар қапаста қиналып, көз жұмса, енді бірі аман-есен Отанына қайтыпты. Ал, Ахико Тецуро Қазақстанда қалып қойған.

ТАКЕО КАВАМУРА, ЖАПОНИЯ ПАРЛАМЕНТІ ҚАЗАҚСТАНМЕН ДОСТЫҚ ЛИГАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Ахиконың тағдыры өте аянышты. Артистер кейіпкердің рөлін керемет сомдай білді. Өзіме қойылым қатты әсер етті.

ОКОШИ КЕНСУКЕ, NHK ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ:

 - Ахико Тецуро Қазақ жерінде өмірінің ең ауыр кезеңін бастан кешті. Мұны спектакльден көрдік. Бірақ, ол қиындыққа мойымай, жергілікті жұрттың қамқорлығы арқасында тірі қалды. Сондықтан Ахико түрмеден шыққан соң, отанындай болып кеткен Қазақстанды қимай, осында қалуды ұйғарған.     

Тарихи драмада бейнеленген қилы тағдыр ешкімді бей-жай қалдырмады. Қойылымды ерекше ықыласпен қабылдаған көрермен тарих тұңғиығына терең бойлап, сол бір шақты бастан өткергендей күй кешті.

ЮКО ТАКИГУЧИ, ТЕАТР АРТИСІ: 

 - Қойылымда Ахиконы азаптап жатқанда, адамдар осыншалықты қатыгез бола ма? - деген ойда қалдым. Кейін қазақ халқының мейірімін көріп, қатты сүйсіндім. Көрерменді осындай сезімге бөлеу -  бұл әртістің шеберлігі деп білемін.

Әуезов театры ұжымының бұл сапары «Рухани жаңғыру» бағдарламысының аясында жүзеге асып отыр. Яғни осы арқылы қазақстандық мәдениетті әлемге таныту-басты мақсат!

ЙОШИХИРО НАКАМУРА, ТЕАТР СЫНШЫСЫ:

 - Өмірімде 6000-нан аса түрлі қойылымды тамашаладым. Соның ішінде қазақ театрының бұл спектаклі мені ерекше тебірентті. Артистердің асқан шеберлігін байқадым. Барлығы кәсіби деңгейде ұйымдастырылған.

Премьерадан соң Жапонияның өнер майталмандары Қазақ театрымен өзара әріптестік орнатып, бірқатар жобаны бірлесіп атқаруға ниетті екендерін жеткізді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер