«Қобыланды батыр» жыры әзербайжан тіліне аударылды

Қазақ халқының қаһармандық жыры «Қобыланды батыр» енді әзербайжандық оқырмандарға қолжетімді. Оны профессор Низами Мамедов-Тагисой аударған. Ал басып шығару ісі Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігі қолдауымен жүзеге асты.

НИЗАМИ МАМЕДОВ-ТАГИСОЙ, ПРОФЕССОР:

 - Қазақ халқы жаһандық және түркі эпосына өз мөрін қалдырды. Себебі, қазақтарда өмір туралы, тұрмыс-тіршілік, тарих, психология, этногенез және тағы басқа тақырыптарға бағытталған эпостық шығармалар көп. Ал, мен аударған батырлар жыры өте қызық әрі тартымды. Оны оқысаң, қазақ халқының өмірі, тарихы, орта ғасырдағы тұрмыс-тіршілік пен  салт-дәстүрі сынды керемет көрініске  куә болғандай  күйге енесің.

Профессор мұндай туындылардың аудармасы түпнұсқаны сақтау тұрғысынан ерекше ұқыптылықты талап ететінін айтады. Және «Қобыланды батыр» эпосының басқа нұсқалары түркі халықтарының әдебиетінде де  кездеседі, дегенмен, олардың ішіндегі ең ұлысы қазақ тіліндегі «Қобыланды батыр» жыры, дейді профессор.

НИЗАМИ МАМЕДОВ-ТАГИСОЙ, ПРОФЕССОР:

 - Менің ойымша, аударма жасағанымыз өте маңызды  әрі дұрыс шешім болды. Біздің студенттеріміз, жоғарғы оқу орындарындағы гуманитарлық факультеттің  студенттері  енді қазақ халқының ортағасырдағы өмірімен жіті танысып, Қобыланды, Қараман, Бөгенбай сынды батыр ұлдарының ерлігінен хабардар болады. 

Кітапты басып шығару «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Бұған дейін «Қыз Жібек» лиро-эпостық поэмасы, қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбаевтың кітаптары да әзербайжан тілінде жарық көргені белгілі.