Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі  жаңа жәдігерлермен толықты. Қалмұқан Ерекенұлының қолынан шыққан мына күміс туындылар музейдің қақ төрінен орын алды. Өткен ғасырда Нарын құмында өмір сүрген зергердің аса бағалы бұйымдарын қызы Қымбат музейге тапсырыпты.

ҚЫМБАТ ҚАЛМҰҚАНОВА, ҚАЛМҰҚАН ЕРЕКЕНҰЛЫНЫҢ ҚЫЗЫ:

 - Мен тапсырып тұрған бұйымдарым үйде сандықта жататын. Бұл жерде жатқанша музейге апарып тапсырайын. Халық көреді, әйтеуір, кім жасады екен деп біреулер ойлағанда менің әкемнің аты шығып тұрады ғой деп сондай мақсатпен әкеліп тапсырдым.  

Музей «Рухани жаңғыру» аясында жәдігерлер жинау акциясын бастаған еді. Игі шара барысында оның қоры 1 мыңнан астам жаңа экспонаттармен толықтырылды. Мұнда көне сармат дәуірінен бастап 19-20 ғасырдағы өңірдің тұрғындары қолданған бұйымдарға дейін бар. Ал мына сөредегі домбыралар тарихқа тұнып тұр. Бірі 1957 жылы батыс аймақтық «Үкілі Домбыра» фестивалінде Қаршыға Ахмедияров ойнаған аспап болса, екіншісі, қоғам және мемлекет қайраткері Саламат Мұқашевтің көп жылдар үйінде ілулі тұрған. Осылайша, өткеннің даңқы жаңғырып, белгілі адамдар ұстаған бұйымдар көптің назарына ұсынылмақ.

МЕҢСҰЛУ НАУРЫЗБАЕВА, МУЗЕЙ ҚОРЫНЫҢ САҚТАУШЫСЫ:

 - Атап айтқанда, саятшы құралдары Арман Қошқаров тапсырған және қолөнер шебері Нұрсұлтан Қалиевтің үрмелі саз аспаптары қабылданды. Бұл жұмыстарымыз әлі де жалғасын табады. келесі жылы да музейдің сый тапсрыу акциясы жалғасын табады деп есептеймін. 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында талай дүниелер жарыққа шығарылып, ұмыт қалғандарымыз ортамызға орала бастады. Бұл келешек ұрпақтың игілігіне айналары сөзсіз. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер