«Қыз Жібек» операсы Мәскеуде орындалды

Берлин, Париж, Брюссель, Вена және Мәскеу. «Астана Мюзикл» және Республикалық неміс драма театры Мәскеуде өнер көрсетіп, Еуропа бойынша гастрольдік сапарын аяқтады. Жобаға еліміздің мәдениет және спорт министрлігі мен "Қазақконцерт" қолдау көрсеткен. Қазақтың алғашқы ұлттық "Қыз Жібек" операсы Мәскеу халқына алғаш рет сонау 1936-шы жылы ұсынылған болатын.

Араға 80 жыл салып қайта ұсынылған шығарманы көрермендер зор қошеметпен қарсы алды.  Кезінде Жібектің рөлін Күләш Байсейітова сомдаса, бұл жолы құрмет Инабат Ризабековаға бұйырған.   

ИНАБАТ РИЗАБЕКОВА, ЖІБЕК РӨЛІН СОМДАУШЫ:

 - Үлкен бақыт маған бұйырып отыр. Абыроймен алып шығуға барымды салып жатырмын. Қазақ қыздарының қандай болу керектігін, парасаттылығын, инабаттылығын, сыпайылығын, сұлулығын, ең бастысы қазақ қызының адалдығын көрсету ушін дайындалып жатырмын, қойылымымыз жоғары деңгейде өтеді деп ойлаймын.

Евгений Брусиловский музыкасы мен Ғабит Мүсіреповтің либреттосын интерпретациялаған режиссер Асхат Маемиров.

АСХАТ МАЕМИРОВ, «ASTANA MUSICAL» ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ: 

 - Қыз Жібектің бойында біздің бүкіл рухани құндылықтарымыз сақталған, ән –жырлар, ұлттың болмысын танытатын дүниелермен Еуропа халқын таныстыру - театр үшін, әсіресе тәй-тәй басып келе жатқан театр үшін үлкен сынақ. Әртістеріміз осы сынақтан өтті деп ойлаймын.

Ал, мәскеулік көрермендер өнерпаздарға қошемет көрсетіп, біразға дейін сахнадан жібермей қойды.   

САУАЛНАМА:

-  Тілін түсінбесем де, керемет әсерге бөлендім.

-   Шынымен де сезім, махаббат деген дүниені керемет жеткізді.

-  Керемет болды! Соңғы рет 10 жыл бұрын театрда көз жасыма ерік берген шығармын. Соңында тіптен өксігімді баса алмай, ұзақ жыладым.