Төл әліпбидің латын графикасына көшуі қазақ тілінің болашағын айқындай түседі. Елбасы әлемдік өркениет көшінен қалмай, қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін латынға өтуді жеделдету керектігін айтқан болатын. Заман сынағына төтеп беру үшін нақты жобалар қажет. Бүкіл әлем болып талқыланып жатқан өзекті мәселеге Еурокомиссияның жоғарғы білім бөлімінің бұрынғы басшысы Петер Ван Дер Хиджен де өз пікірін білдірді.   

ПЕТЕР ВАН ДЕР ХИЖДЕН, ЕУРОКОМИССИЯНЫҢ ЖОҒАРҒЫ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БҰРЫНҒЫ БАСШЫСЫ:

 - Қазақстан мен Еуроодақ білім беру саласында қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр, екі жақтың ортақ жобалары мен бағдарламалары бар. Дегенмен де серіктестігімізді әлі де нығайта түсуіміз керек. Бұл Франция, Испания және Қазақстан үшін де өзекті мәселе. Бір-бірімізден үйренеріміз көп. Латын қарпіне көшу қазақ тілін меңгеруді жеделдететіні сөзсіз.

Қазақтың төл әліпбиін латын графикасына көшіру Ай-Ти технологияны қолданатын қызметкерлерге тиімді. Бүгінде компьютерлік бағдарламалардың көбінде кириллица таңбалары жоқ. Бағдарламашыларға қиындық тудырып келген мәселені шешудің бірден бір жолы осы болмақ. Ғалымдардың пікірінше, бұл қадам қаражат пен уақытты үнемдеп қана қоймай, мамандардың бәсекеге қабілеттілігін де арттырады.

ЕРКІН ӘБІЛ, ҚМПИ РЕКТОРЫ:

 - Әліпбидің салдарынан біздің бағдарламашылар бәсекелестіктен ұтылып келеді. Бұл мәселе туралы ешкім айтқан емес. Ақпараттық технологияны дамыту, оның ішінде интернеттегі қазақ тілді тұтынушыларды түрлі бағдарламамен қамтамасыз ету тұрғысынан қарағанда, латын әліпбиіне көшу - нағыз тиімді шешім болмақ.  Қазіргідей нарықтық экономика кезінде қазақ тілді  қолданушыларды бағдарламалармен қамтудың бірден бір жолы осы. Мұның экономикалық тиімділігі де орасан. Сондықтан, латын әліпбиі көшу – уақыт талабы.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер