Қазақтың Мемлекеттік Абай атындағы опера және балет театры италиялық көрерменнің қошеметіне бөленді. Еуропа төрінлегі қазақ өнерінің кешіне еліміздің мәдениет және спорт министрлігі мен Италиядағы Қазақстан елшілігі қолдау көрсетті.

Музыка кеші Тілес Қажығалиевтің «Дала аңызы» туындысымен ашылды. Елімізден барған шығармашылық ұжым шетелдік көрермен  назарына  «Щелкунчик», «Аққу көлі» балеті мен «Кармен», «Абай» опералары секілді әлемдік ұлы туындылардың үзінділерін ұсынды. Отандық артистер дайындаған бірегей шығармалар көптің көңілінен шықты.

АНДРЕЙ ТРЕГУБЕНКО, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Қатты ұнады. Қобалжу жоқ. Біз сахнаға шығып, өнер көрсеткенде, керемет көңіл-күйіміз көрерменге де беріледі деп үміттенеміз. Олар қол соғып, қошемет көрсетсе , біз де бір марқайып қаламыз.

Оркестрге Асқар Бөрібаев жетекшілік етті. Отандастарымыздың  өнеріне тәнті болған Италия көрермендері Қазақстандықтарға ыстық ықылас білдірді.  

АСҚАР БӨРІБАЕВ, АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ ОПЕРА ЖӘНЕ БАЛЕТ ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ ЖӘНЕ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:

 - Орындалған туындыларымыздың барлығы әлемдік опера және балет өнерінің ұлы шығармалары. Өйткені бізге концертті жоғары деңгейде өткізу жауапкершілігі жүктелді. Президент  дамыған 30 елдің қатарына қосылу  міндетін қойғаны белгілі. Алайда классикалық музыка, опера мен балет жағын алып қарайтын болсақ, меніңше, Қазақстанның өнер саласындағы көші ілгері.

Қазақстанда тұңғыш ашылған кәсіби музыка театры осыған дейін қазақстандық көрермендердің ыстық ықыласына бөленген еді. Римнің қақ төрінде өнер көрсеткеннен кейін халықтың қошеметі одан әрмен арта түсті.

АДА АНЧИЛЛА, КӨРЕРМЕН:

 - Мен дирижерлердің өнеріне тәнті болдым. Артистеріңіздің де жоғары деңгейін атап өткен жөн. Хореография, костюмдер, бәрі  керемет көңілімізден шықты. Сіздердің артистеріңіздің сахнада бас июінің өзі де ерекше. Біздегідей емес, оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

МАУРО ЧОТТИ, КӨРЕРМЕН:

 - Оркестрдің жоғары деңгейі, әуелеген әсем дауыс, тенор, баритон, сопрано. Ғажап музыка! Айта кету керек, бұл естен кетпейтін кеш болды. 

МАКСИМ СКОБАРЕВ, КӨРЕРМЕН:

 - Бұл менің Римде соңғы уақытта тамашалаған ең керемет концерттерімнің бірі болды. Осындай әртістер бізге жиі келіп тұрса екен. Еуропалық музыка туындалырмен қатар қазақстандық композиторлардың шығармаларын тыңдап, тамсанып қайттық. Сағынып қалғанға ұқсаймыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер