Қазақ әліпбиінің латын қарпіне көшуіне қатысты шетелдік ғалымдар мен саясаткерлер, сарапшылар салмақты ой айтып, жан-жақтан пікір білдіріп жатыр. Бұл біздің әлеммен тығыз бірлесе түсуіміздің алғашқы қадамы болмақ. Осы орайда неміс Бундестагы, саясаткер Андреас Ян латын әліпбиіне көшу қазақстандықтардың әлем тілдерін жетік меңгеріп, мемлекеттің бәсекеге қабілетілін арттырады дейді.

АНДРЕАС ЯН, БУНДЕСТАГТЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ КОМИТЕТІНІҢ ХАТШЫСЫ:

 - Қазақстан латын әліпбиіне көшсе, болашағы  баянды болары анық. Латын әліпбиінің арқасында жастар ағылшын және өзге тілдерді тез меңгерсе, шетелдіктерге қазақ тілін үйренуге жеңіл болады. Латын әліпбиіне көшу Қазақстанға оң әсерін тигізері сөзсіз. Демек қазіргі уақытта өте маңызды IT саласы да осы әліпбимен жұмыс істейді. Латын әліпбиі сияқты маңызды құралды пайдалану арқылы Қазақстан  халықаралық сахнада өз орнын нығайтады. Елдеріңіз бәсекеге қабілетті мемлекетке айналады. Сондықтан да латын әліпбиіне көшу – Президенттеріңіздің көреген, дана шешімі.

Түркияның Ахи Евран университетінің профессоры, саясаттанушы Куршад Зорлудың пікіріне сүйенсек, «латын әліпбиі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, қоғамдық сананы жаңғыртады. Қазірдің өзінде әліпби реформасы әр қазақстандықты ел ертеңіне асқан жауапкершілікпен қарауға баулып, халықты бір мақсат, бір мүддеге біріктіреді» дейді. Ол латынға көшу бастамасына қарапайым халықтың қызу қолдау білдіріп отырғанына ерекше назар аударды.

КУРШАД ЗОРЛУ, АХИ ЕВРАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ, САЯСАТТАНУШЫ:

 - Латын әліпбиі – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, мәртебесін өсіреді. Өйткені қазіргі таңда латын - технология мен ақпараттың тілі. Сол себепті Қазақстан өркениеттің озық жетістіктерімен ықпалдасу үшін тарихи таңдау жасады деп, есептеймін. Оның үстіне, өткенге көз жүгіртсек, латын әріптері қазақ қоғамы үшін жат емес, қайта бірлігін нығайтып отыр. Бүгінде әліпби реформасына қатысты қоғамның барлық өкілдері пікір қосып, белсенділік танытуы ерекше қуантады. Демек, бұл жаңашылдық расымен қоғамдық санаға қозғау салып, рухани жаңғыруға серпін бергелі тұр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер