Кириллицамен жазылған мәтіндерді латын қарпіне санаулы секундтда аударатын «Жаңа қазақ» мобильді қосымшасы жасалды. Оны қазақстандық бағдарламашы Ернар Шамбаев ойлап тапқан. Шетелде компьютерлік лингвистика мамандығы бойынша білім алып, елге оралған соң латын әліпбиін қабылдағанын естиді. Осылайша, мәтінді көлеміне қарамастан жоғары жылдамдықта аударатын қосымша жасап шығады. «Жаңа қазақ» жобасына автордың жұбайы ой қосып, қосымшаны алғашқы болып қолданыпты. 

ТАИСИЯ УРБАНОВИЧ, ЕРНАР ШАМБАЕВТІҢ ЗАЙЫБЫ:

 - Адамдарға жаңа әліпбиге ауысу бастапқыда қиындық әкелері анық. Осындай мобильді қосымшаларды қолдану арқылы бір ізге түсіп алуға болады. Жаңа әліпбиді қабылдауға, латын графикасына үйреніп кетуге бұл қосымшаның көп көмегі болады деп ойлаймын.

«Жаңа қазақ» қосымшасы кез келген мазмұндағы мәтінді санаулы секундта  жүз пайыз аударады тіпті, көлемді көркем шығармаларды латын қарпінде сөйлетуге қауқарлы. 

Сонымен қатар, Ернар Шамбаев ұялы телефонға арналған жаңа үлгідегі  «Тоғызқұмалақ» қосымшасын жасап шыққан. Автор ұлттық ойынды мобильді форматқа бейімдеу үшін 10 жылын жұмсапты. Көне ойынның бағдарламасын жасау үшін тарих мен философияны парақтап шыққан.

ЕРНАР ШАМБАЕВ, КОМПЬЮТЕРЛІК ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР АВТОРЫ:

 - Қанша мықты программист болсаң да, өзге елдің ұлттық ойындарын түсіну қиын. Ойынды толық түсініп, тереңнен бойлау үшін жаның қазақ болуы керек.  

«Тоғызқұмалақ» мобильді жобасын бір күннің ішінде мыңнан астам адам жүктеп алыпты. Қосымша өзгелерге қарағанда техникалық жағынан әлдеқайда мықты. Оның артықшылығын еліміздің беткеұстар спортшылары мойындаған.

АРЫСТАН ҚАПАЕВ, ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТАН ОБЛЫСТЫҢ АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

 - Қарап отырсақ, балалар «Counter-Strike», басқа ойындар ойнай ойнайды. Бір-бірімен соғысады. Ал бұл ақылға салынған ойын. Балалар оны көреді. Сосын мына ойынның ерекшелігі, балалар бір-бірімен хабарласып отырады.

Осы уақытқа дейін бағдарламашылар «Qazlatyn.kz» қосымшасын ұсынған еді. Авторлардың пікіріне сүйенсек, қосымша кез келген мәтінді, құжат пен көлемді көркем туындыны тез арада латын қарпіне аудара алады. Бағдарламаның артықшылығы оффлайн режимінде де жұмыс істей береді.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер