«Латын әрпіне көшу – қазақтың көне тарихын сыйлау. Өйткені қазақ халқының арыстары өткен ғасырдың 20-шы жылдары еңбектерін осы тілде жазған. Демек, өз тарихыңа қайтып оралу қазақ тілінің қадірін арттыра түспесе, кемітпейді». Бұл профессор Иван Ищуктің пікірі. Ол – орта мектеп пен жоғары оқу орындарына арнап украин тілі туралы 20-ға жуық еңбектің авторы. Танымал тіл маманы латын қарпіне көшудің ұтымды тұстары көп дейді.

ИВАН ЮЩУК, ПРОФЕССОР:

 - Біріншіден, Қазақстанда 1929-1940 жылдары латын әліпбиі қолданыста болған. Қазақ әдебиетінің құнды дүниелері сол кезде жарық көрді. Сондықтан адамдар латын әліпбиін әлі ұмыта қойған жоқ. Екіншіден, бұл Қазақстанды әлемнен оқшауламайды, керісінше, жақындата түседі. Компьютерлер, электроника бәрі де ағылшынша, яғни, латын қаріптерінің қолданыс аясы кең. Сондықтан тіл реформасының мәні шешуші болмаса да, жаһандық байланыстарға оң ықпал етері анық.

Ел өңірлерінде латын қарпін енгізу шаралары қолға алынуда. Мысалы, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті 2025-інші жылға дейін кезең-кезеңімен латын әліпбиіне көшеді. Ұжым газеттің биылғы 100 жылдық мерейтойы қарсаңында осындай батыл бастама көтеріп отыр. Газет тарихында латын қарпі болған. Басылымның негізі 1917 жылы бұрынғы Ақмола, қазіргі Астана қаласында Сәкен Сейфуллиннің тікелей бастамасымен қаланған болатын. Ол кезде «Тіршілік» деген атаумен шыға бастайды. Одан кейін газеттің аты бірнеше мәрте өзгерді. Ал, еліміз тәуелсіздік алған жылдан бастап, «Арқа ажары» деген атпен шығып келеді.

ЖАБАЛ ЕРҒАЛИЕВ, ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

 - Ең бірінші өзіміз үйрену мәселесін қолға алып жатырмыз. Кейбір тақырыптарды, кейбір қысқа мәтіндерді латын қарпіне көшіріп беруді бастап жатырмыз. Қазір біздің журналистеріміз соғыс жылдары жауынгерлердің латын қарпінде жазылған хаттарын тауып, соларды газетке басып жатыр. Міне, латынның бізге жат еместігін осыдан аңғаруға болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер