Латын қарпіне көшуде ұтарымыз көп. Алдымен, қазақ тілінің таза қалпын сақтаймыз. Жат дыбыстарды таңбалайтын әріптер қысқарып, емле мен ережелерге өзгеріс енеді. Тіл мамандарының пікірі осыған саяды. Олардың айтуынша, жаңа әліпбиді қолданысқа енгізбес бұрын, тілдің өзіне тән әуезділігін сақтайтын, үндестік заңына сай келетін арнайы ережелері жасалуы тиіс. Сондай-ақ, жаңа әліпбиді оқып-үйренуге мүмкіндік беретін шаралар да қарастырылса игі, дейді тілтанушылар.

ЕРДЕН ҚАЖЫБЕК, А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ТІЛ БІЛІМІ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Көпшілікке қажет өте зәру сөздіктер жазылуы керек. Оқу құралдары жазылу керек. Осы жұмыстарды міндетті түрде қалың жұртшылықпен ақылдаса отырып жасау керек. Ол үшін ғаламторды жақсы пайдалану керек. Түрлі сауалнамалар жасау керек.

Латын графикасы қоғамға толықтай енген соң, осы қаріпті қолданатын өзге елдермен тәжірибе алмастырарымыз хақ. Яғни, жаңа әліпби таңдау – өркениеттік даму бағытын таңдаумен тең.  Ал шындап келгенде, түбі бір түркі дүниесі латынды қолданады. Яғни, түркі халықтарымен барлық салада да қарым-қатынас нығая түседі деген сөз.

ЕРНАР МАСАЛИМ, ТҮРКІТАНУШЫ:

 - Латын әрпіне көшу – ол заманның талабы. Бірақ ең бастысы, мына ұйымдастыру мәселелерінің алдындағы дүние мына латын қарпіне көшкен түркі елдерінің тәжірибелерін оқып, зерттеп алмасу. Осы өте маңызды нәрсе.

Сонымен қатар, ақпараттық технологиялар жедел дамып келе жатқан заманда компьютерлік жаңа технологиялар арқылы жаһандық ақпарат кеңістігіне еркін бойлауға мүмкіндік туады.

АСҚАР БЕЙСЕНБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Бұл өзіміздің кезінде болған әліпбиіміз. Бұл қазақтың келбетіне, болмысына жақын деп есептеймін. Кириллица қанша айтсақ та, қазақтың сөйлеу мәнерін қиындатып жіберді. Латын әліпбиі бізге жақын. Екіншіден қазіргі жастардың көпшілігі өздеріңіз білесіздер ағылшын тілін жақсы біледі. Оларға латынға көшу мүлдем қиындық тудырмайды. Ал үлкен буындағы азаматтарға түсіндіру керек болады. Бірақ ол мәселе шешімін табады, деп ойлаймын.

Қазақстандағы тіл реформасы 2025 жылға дейін жалғасады. Бұл саяси әрі стратегиялық маңызы зор оқиға еліміздің рухани өмірінде де үлкен мағынаға ие. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер